Ассаламуағалейкум, мырза Кәшім,
Құдай артық жаратқан бір баласың.
Құдайым атаңызға дәулет беріп,
Белгілі орта жүзге бір данасың.
Деймісің ей, шырағым, өлмеген бар,
Құдайдың құдіретіне көнбеген бар?
Талайға сапар жолда қаза жетіп,
Үй-ішін, ата-анасын көрмеген бар.
Шыңғыстың үлкен ұлы Шоқан еді,
Император, патша жұртында оқып еді.
Құдайдың құдіретіне дауа бар ма,
Оған да сапар жолда қаза келді.
Ақжолда Меңдекеден Шәңкі болды,
Белгілі орта жүзде даңқы болды.
О дағы Қызылжарда опат болып,
Белгілі жақсылардың арты болды.
Шорманның бір баласы аты Мұса,
Бақ-дәулет артық болған кім сұраса.
Омбының қаласында қаза келіп,
Әркім де құтылмайды топырақ жазса.
Қыран болмас қанаты қайрылмаған,
Тұлпар болмас тұяғы майрылмаған.
Алладан тағдыр жетіп келгеннен соң,
Кімдерден кімдер жылап айрылмаған?
Беріпсіз, ей, Кәшеке ағаңызды,
Жыртыпты Тәңрі жетіп жағаңызды.
Тәңірім сол қазаның қайырын беріп,
Өсірсін мал менен бас бағаңызды.
Ақан Сері