Мылтық пен мергеншілік

Мылтығың түзу болсын, өзі сырлы,
Сүйменді оғы болсын алты қырлы.
Қолыңда қызыл темір қалың ауыз
Алысы мен талғамас жақын жерді.
Аузы тар, ішкі қыры болсын терең,
Аң қашпайтын қанды ауыз, өзі перен,
Артық салған дәріні көпсінбесін.
Үстіне серіппейтін жақын жерден,
Темірі бір қалыпты болмаса ала,
Ауыр, жеңіл болмасын ортағына.
Көрінгенді алғандай көңіл шат боп,
Мойныңа салып шыққан сақараға,
Мылтығы шаңқ еткен жерді жарып,
Көздеген дөп жеріне тисе барып,
Асығып жан-жағына қарап мерген
Мақтанып бауыздайды қоразданып.
Қанын сүртпей пышағын қынға салып,
Жаны шықпай тірсегін тесе салып,
Ат пен тымақ өзектің ар жағында,
Сүйретіп оған барар бір демалып.
Абыр-сабыр жанына тез байланар,
Мұны біреу алар деп көріп қалып.
Тағы да аң көрінсе атайын деп,
Атына ол мінеді даярланып,
Оқшантай жоқ, құты жоқ баяғыдай,
Бақалшыдай мойнына қоржын салып,
Ол кезде жатқан аңнан қатты қорқар,
Өлтіретін жауындай басын алып.
Аяғын байқап басқан суда жүріп,
Тым ұялшақ болады сонда тұрып.
Маңдайынан қарайды жылмырайып,
Қай жерден атамын деп ой ойланып.
Асығыс алабұртып қарағанда.
Жатқан аң екі болар сағымданып,
Сіңбіретін дәрмен жоқ, ол бір тар жер,
Мұрны бітіп тұрса да қабаттанып.
Бісмілла, алла әкбар деп айтады,
Көңліне жазса тәңрім мұны салып.
Оқудан соңғы өнер мылтық деген.
Халайық құлақ қойсын тілге нанып,
Жері бар парызға да қосылатын.
Және қару дұшпаннан жүрсең алып,
Атпағандар түсінбейді айтқанменен,
Көңліне мергендердің бәрі де анық.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *