Ақ жүзді қатын алсаң бойы сұңғақ,
Қасыңа шақырғанда келсе зырлап,
Дауысы әу дегенде әрең шығып,
Кеудесі еңкейгенде етсе бұлғақ.
Қара қас, жазық маңдай, қара көзді,
Дауысы жіп-жіңішке, жұмсақ сөзді,
Мінезі майға еріткен қорғасындай,
Келсең де ертелі-кеш бір мінезді,
Жүзінің ақ аралас қызыл бетті,
Жаман сөз сөйлемейді адал жұпты.
Болғанда тісі аппақ, пісте мұрын,
Ауызы қалжың сөзге болса епті.
Кетеді түзге барса қырдан асып,
Қосылған ғашық жарын көңлі тасып,
Жақсы сөз, жаман сөзді бірдей біліп,
Ерінің сөйлемейді көңлін басып.
Аяғын табағымен қойған жуып,
Сүйреңдеп сөз сөйлемес өсек қуып.
Бір сөзді екі сөз ғып еш айтпайды,
Көбейсін ұрыс-жанжал қайдан туып?
Болмайды киімінде еш уақыт кір,
Құманда дәрет суы жып-жылы тұр.
Сақтанып өсек сөзден бойын бағып,
Сүйреңдеп абысынға айтпайды сыр.
Кісі жоқ онан бұрын ерте тұрған,
Бүркеніп, оң қолына алар құман,
Етегі көйлегінің шұбатылып,
Асады маң-маң басып екі-үш қырдан.
Жат мінез, шайпау сөзі еш болмайды
Шақ етіп даусы шықпас баланы ұрған.
Ерте-кеш бір ауылдан ері келсе,
Тап-таза үйдің іші сыпырылған.
Жігітке адал жүріп болар серік,
Қуанар ғазиз құрбы жүзін көріп.
Білгізбей бар болса да, жоқ болса да,
Ол бір марал, тұрғаны қасын керіп.
Сыпаты жақсы қатын айтсам бітпес,
Мадақлап жаман қатын ерін күтпес.
Ұнатса аз ба, көп пе тамағыңды
Кез келсе кедейшілік ештеңе етпес.
Көрмедім бір күн қызық бір күн қонып,
Айтар сөз мадақтасам жатыр толып.
Сөзімді көңілдегі жаза алмадым,
Аттың жалы, түйенің қомы болып.
Ақан Сері