Ақ қаудың астығы жоқ шайнағанмен,
Құр тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен.
Көнбейді жаман адам ынтымаққа,
Жүрмейді шошқа жөнге айдағанмен.
Алтынды орағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай
Жаманның көкейінде көз болмайды.
Шірімес алтын жерде жатқанменен,
Оқ өтпес ажалсызға атқанменен,
Жалқауға сөз, жаманға таяқ өтпес,
Тас жібімес дарияға батқанменен.
Ит қызыл болғанменен түлкі болмас,
Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас,
Ел көркі дәулет екен әзелден-ақ,
Дәулетсіз ел болса да көркі болмас.
Жақсыға бітсе дәулет бақ айналар,
Жаманға бітсе дәулет әуейленер,
Басына ер жігіттің бір іс түссе,
Арасы қас пен достың абайланар.
Жігіттің көз тоқтаттық қандайына?
Шешеннің тәңір берген таңдайына.
Батырдың қайрат берген жүрегіне,
Балдының ырыс берген маңдайына.
Мәстектен тұлпар артық шаппаса да,
Тексізден текті тумас мақтаса да.
Баласы ителгінің қу ілмейді,
Алтыннан тұғыр қылып сақтаса да.
Жабыға тоқым салма жалы бар деп,
Жаманға басыңды име малы бар деп,
Жануар деп сыйпайды әрбір малды,
Шошқаны кім сыйпайды жануар деп.
Сауысқан шықылықтап сұңқар болмас,
Мәстекті мақтағанмен тұлпар болмас,
Кей жаман бітті ғой деп әкім болад,
Халық та сол жаманға іңкәр болмас.
Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас,
Өнерді бойға біткен іркіп болмас.
Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,
Сұңқылдап күшіген қүс бүркіт болмас.
Су шықпас қазғанменен тау басынан,
Қазақтың дау кетпейді сау басынан.
Жолдасы сыр айтысқан жау боп шықса,
Ер жігіт жаңылады тәубасынан.
Жалпаңдап ақыл сорма қатыныңнан,
Мұқарсың жақсы болсаң жақыныңнан,
Жігітке о да болса сын емес пе,
Шықпаса қатын айтқан ақылыңнан.
Ақан Сері