Болғанда мұндай күйде заманамыз,
Жәй жатып сақарада қамаламыз.
Болыс, би ет пен шайға мәз болуда,
Қайткенде тура жолды таба аламыз?
Үйренген халықпыз ғой шегіншекке,
Кәсіпсіз сақарада еріншекке.
Байлар жүр малша күйсеп, малын айдап,
Ұйқымен өмір өтіп тектен-текке.
Жай жату тек бүгінгі жанның қамы,
Қаперсіз шөп жейтұғын малдың қамы,
Өзді-өзін талап жеген әлі жетсе,
Хайуан сахарада аңның қамы.
Жігіттер өнер үйрен заманыңда,
Денсаулық, әлің келген аманыңда.
Жайылып сақарада жатамыз деп,
Мінеки қалдық дұшпан табанында.
Түлкі де паналайды терең сайды,
Білесіз бар мақсұт деп ет пен шайды.
«Сақтансаң сақтаймын» деп айтқан тәңір,
Аңдыған қасқыр қойды аямайды.
Ақан Сері