Қазақта даңқы шыққан Біржан ақын,
Келтірген сұлу өлең сөздің нарқын.
Сан топта, сан жүйрікпен жарысқанда,
Келмеген қапталына ешкім жақын.
Өлеңмен ән шырқаса дерсің бұлбұл,
Жандыға шалдырмаған бейне дүлдүл.
Жарыста ұлы дүбір мүдірмеген,
Құлашын үдей сілтеп жайнап гүл-гүл.
Ән салса арыстандай ақыратын,
Ауаны қалтыратып жапыратын.
Саңқылдап даусы жетіп алты белге,
Көркем ән маңайда елді шақыратын.
Көтеріп көкіректі ырғағанда,
Дауысын шарықтатып шырқағанда.
Асқақ ән алты белден естілетін,
Құлаштап домбыраны бүлғағанда.
Жарыста наркескенмен жауды ұрғандай,
Отты тіл жас жапырақ, қауды ұрғандай.
Қақтаған нәзік күміс дағараға,
Аспаннан гауһар бұршақ жаудырғандай.
Қазақта кім білмейді Біржан салды,
Ағызған қызыл тілден шекер-балды.
Сан ақын жарысканда талай топта,
Үздік боп бәйгені ақын Біржан алды.
Қазаққа даңқы шыққан ақын Сара,
Бәйгеден келген талай жеке дара.
Біржан мен шаршы топта айтысқанда,
Ол дағы қыла алмаған ешбір шара.
Біржандай болмады ақын тау ұлында,
Сол кезде еш қазақтың ауылында.
Ақынның моласы тас жол аузында,
Тауының туып өскен бауырында.
Ақан Сері
Түсініктеме: Бұл өлеңді С.Сейфуллин өзі құрастырған жинақта «Біржан мен Ақан сері туралы табылған бір өлең» деген тақырыппен берген.