Мен сері домбырамды қолға алайын,
Тап басып қырғауылдай жорғалайын, жар-жар-ай.
Тойыңа бұлбұлдайын кез келген соң,
Азырақ ағызайын тілдің майын…
Жылтырап екі көзің шоқгай болып,
Жылағаның батып тұр оттай болып.
Елің үшін еңіреген қарындасым,
Сан тобынан айырылған лақтай болып.
Құс ұшады өзінің ұясынан,
Жартастың жарып салған қиясынан, жар-жар-ай.
Аққудың көгілдері секілденіп,
Қайтқан қаздай боздайсың ұясынан.
Қыздар мұңлық айрылған құрдасынан,
Әзіл айтып, тең өскен құрбысынан.
Бос қалғанға ұқсайды алтын белгі
Күміс құйрық, қара көз жорғасынан.
Кім көтерер назыңды баяғыдай,
Қор боларсың көңілің соған тынбай.
Құлын-тайдай еркелеп жүрген басың,
Іздесең де дәурен жоқ бұрынғыдай.
Тізген меруерт секілді отыз тісің,
Оңға бассын, шырағым, әрбір ісің, жар-жар-ай.
Күзгі күнгі аққудай қанат қомдап,
Мекеніңе ұшуға отырмысың?
Жарасар келбетіңе сүмбіл шашың,
Қиылған сымдай болып екі қасың.
Сарының малы түгіл басы жетпес,
Сексен қол, қырық кәнизак сенің бәсің, жар-жар-ай!
Уһ дегенде бойымды дуалады,
Бұхарды — су, Хиуаны — құм алады.
Құры кетіп, Қоскөлдің қазы қалды,
Қысы кетіп мешіннің жазы қалды,
Көбі кетіп дәуреннің азы қалды.
Біраз назым қалқаға айтпай болмас,
Айтатұғын асылдың назы қалды.
Аулыңа сен кеткен соң кім барады,
Ертай мен Ысмағұлдай тазы қалды, жар-жар-ай
Ақан Сері