Ақмарал

Шоқ болған жана түсіп, беу, қарағым,
Көз салып мекеніңе көп қарадым.
Тапсырып бір аманат өзіңізге,
Айла жоқ, амалсыздан мен барамын.
Есіркеп жауабымды еске аларсың,
Айналар кезің келсе бай орамың.
Бір тәуір ләззәтпенен лебіз шығып,
Жұмысым тез бітер деп кеп тұрамын.
Иран бак Қап тауындай жол берілсе
Жерде тұр кол жетпейтін шат тұрағың.
Қол жетпес жерде тұрсың көз көргенмен,
He пайда дидарласып жүз көргенмен.
Тоқтату көңіліме бере алмадым,
Болар деп хабар сенен сөз бергенмен.
Ғашықтың қандай қалде тұрғандығын
Сұраймын айламенен кез келгеннен.
Қарағым, тым болмаса дидарласпай,
Сөнер ме ғашық оты су бергенмен?!
Иран бақ Қап тауындай жолы берік,
Қарасы мекеніңнің көрінгенмен.
Қаламдай қиғашталған қара қасың,
Болар ма сендей зирек асыл тасым?!
Лайық не де болса арамызға
Тұсында сіз болғансын замандасың.
Сыр алып, сыр бергендей емес едік,
Берер деп біз үміткер уағдасын.
Күмістей сымға тартқан он саусағың.
Жел қонған мұнарланып сен бір сағым.
Көзге анық көрінбейсің, ей шырағым!
Бәдиғұл-жамал есім пері қызы
Иран бақ мекен еткен наушар бағын.
Болғанмен көзге жақын, көңілге алыс,
Қоспаса екі жастың ынтымағын.
Бір жауап кешіктірмей жіберіңіз
Қайтпасын сізден сынып менің сағым.
Немене қиын-оңай болмасына,
Құдайым екі достың ашса бағын.
Сен бұлбұл иран бақта тұрған сайрап,
Қош тұрсын мекенінді құрмет айлап.
Арманда жолыға алмай болдым сізге,
Қайтейін отырасың көзің жайнап.
Ғашықтык қандай асыл екендігін
Перизат, білсең керек өзің де ойлап.
Қызықсыз мың күніңнен де бір күн пайда,
Ол артық отырғаның күліп-ойнап.
Көргенсін ақжүзіңді болдым қайран,
Таусылды сізге деген ақыл-айлам.
Жүзге анық, сөзге таныс болғанменен
Қанекей, артылдырып көрген пайдам.
Қарасам ой жіберіп осылай деп,
Аспайды қанша айтқанмен ақыл ойдан.
Бұл сөзім қолға тисе құп оқыңыз,
Сөзімді жай білмеңіз айтып қойған.
Жастықпен армандының біреуісің,
Парасат біліміңмен өзің де ойлан.
Хат жаздым қара сия, қалам алып,
Бұл сөзім қолға тисін хабарланып.
Құрбыңның жазған хатын тәрбиелеп,
Тыңдаңыз шын көңілмен назар салып.
Күннен нұр, айдан раушан, сәулетайым,
Сен гауһар жанып тұрған мәңгі жарық.
Жазған хат, құпия сөз жауап сізден,
Күтемін лебізінді құмарланып.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *