Ақанның Зағипаға қайғырған жауабы

Сені ойлап, жібек едім, болдым жүндей,
Бұлт басты көңілімді шыққан күндей.
Қайғыдан көңіл шіркін шат болмайды,
Жарымен көңілі сүйген ойнап-күлмей.
Ізденіп екі жақсы қосылады,
Жарасып ай мен күндей, тұрар бірдей.
Біреуге ақыл айтар дана емес пе ең,
Кеттің бе мені қиып соққан желдей?!
Ақылың артық еді бала жастан,
Ешкімге тең көрмеуші ем бүл алаштан.
Өзіңе өзің сеніп қапаландың,
Қайтем деп жерің бар ма ақылдаскан?
Қаралас шаруа ойы барлығыңның,
Бұл күнде еш адам жоқ топтан асқан.
Қайтейін бұған-дағы шүкір еттім,
Тағдыр да осылай шығар әуел бастан.
Өткен күн арман екен жалғандағы,
Көрінген бір мұнара таңындағы.
Өткен күн ойлағанмен қайтып келмес,
Әр іске уақытында қамдан-дағы.
Көңілден қайғы табар замандас жоқ,
Өзіңдей мен де болдым шармандағы.
Жақсы жоқ ебін тауып сөндіретін,
Махаббат ғашық отын жанғандағы.
Ақ қағаз, ұста қолым қаламыңды,
Ойлаған кім тоқтатар талабынды.
Зағипа, саған арнап хат жазайын,
Көп айтып арман тілек сәлемімді.
Қатынасып сәлемнама екі араға,
Астыртын біліп тұрам хабарыңды.
Дұшпан көп сырттан тындап қарап тұрған.
Қай жерден табамын деп амалыңды.
Лайық екінші хат сізден болсын,
Күтемін сағынышпен хабарыңды.
 
Ақан Сері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *