Жастықта ойнап-күлген, қарағым-ай,
Артық еді досыңнан талабың-ай.
Көңілім әлі сенен бөтен емес,
Қайтейін Хақ бұйрығы, барамын-ай.
Қош енді — кезі келіп көре алмасақ,
Жеткізсін ой-тілегің мұрадыңа-ай.
Қызықты бақыт шамы өшпей тұрып,
Өтініш бір басыңнан сұрадым-ай.
Бірге өскен кішкентайдан, асыл құрбым,
Арада жүріп тұрдың сыр алдырмай.
Балбырап гүл бақшаның өскен гүлі,
Жер нұры төгілуге қозғалдым-ай.
Қайыр қош, енді маған разы бол,
Жүре гөр енді артыма сөз қалдырмай.
Ағаеке, болдым жолдас мен жасымнан,
Жаманат таба алмадым бір басыңнан.
Шіркін-ай, қандай қызық сол бір күндер,
Дүние теріс айналды болмашыдан.
Жол асып, кеттім енді ерік болмай,
Айрылған мен ақбөкен ордасынан.
Бар болса көңіліңде бұйымтайың,
Назар бер ишаратпен бір басымнан.
Дариға-ай, көңілде арман қалмас еді,
Жай алып мекен етсем өз қасыңнан.
Ақылын сабырменен жеңдірмесем,
Адам жоқ солай-ау деп жан ашыған.
Қош айттым сыртыңыздан жүзің көрмей,
Дүние өткенің бе соққан желдей?..
Басыңнан бағым ауып тайғаннан соң,
Қалды ғой жақсы, жаман болып бірдей.
Қызығы өткеннен соң аз заманның.
Тоң тартты шіркін көңіл қара жердей.
Таппады көңіл арман шырын бұзып,
Мын күнің болмаған соң бір күнгідей.
Айналып заман оңға уақыт келсе,
Жарқырап бұлт астынан шыққан күндей.
Арманым, уа, дариға, қалмас еді,
Күн батып, таң атқанын қалсам білмей.
Сәлем айт, сүйген жардың қолын ал да,
Айналды, дүние шіркін бір жалғанға.
Ойда жоқ бүйтіп сенен кетем деген,
Қайтейін өтер іске амал бар ма?
Мың күнің бір күнгідей болмайды екен,
Етпесе тағдыр нәсіп ғашық жарға.
Зарығып құштарлықпен үмтылсақ та,
Жазбапты тағдыр шіркін қосыларға.
Ғашық боп Ләйлі менен Мәжнүн өткен,
Таппаған мақсұт-мұрат осылар да.
Дүниеден неше ғашық кетті арманда,
Тапсырдым мен басымды осыларға.
Ақан Сері