Кеткенің бе, Ақтоқты, шыныменен, жар-жар,
Талай мейіз беруші ең тіліңменен, жар-жар!
Алысқан қол бар еді, айтысқан серт, жар-жар,
Ант етіп айырылмас денеңменен, жар-жар.
Кеткенің бе, Ақтоқты, шыныңменен, жар-жар,
Алтын сапы асындым қыныменен, жар-жар.
Ғашық болған көңілім, асылзада, жар-жар,
Жатсам ұйқым келмейді түніменен, жар-жар.
Кеткенің бе, Ақтоқты, шыныңменен, жар-жар!
Талай жауап айтушы ең сырыңменен, жар-жар.
Асып туған құрбыңнан, тотықұсым, жар-жар,
Ән шырқайын азырақ үніңменен, жар-жар.
Дін мұсылман естіген Қорлығайын, жар-жар,
Қытай, шүршіт, қалипа үрімменен, жар-жар.
Таңмен қайтқан жұлдыздай дәуірің аз, жар-жар
Өте шықты дәрежең дүрілдеген, жар-жар.
Тәңрі бұйрық қылмады, шара нешік, жар-жар,
Бұ дүниеде пенде жоқ сүрінбеген, жар-жар.
Ақ қайраңы мұхиттың сықылданып, жар-жар,
Біздің қармақ бұйрықсыз ілінбеген, жар-жар.
Таң мезгілде шығушы ен шұбалаңдап, жар-жар,
Жарық қылып дүниені нұрыңменен, жар-жар.
Бағы иран гүліндей түрленуші ең, жар-жар,
Қара көзге көрініп түріңменен, жар-жар.
Заманында үш тоты атанып ең, жар-жар,
Тым болмаса жүрмедім біріңменен, жар-жар.
Көптен жалғыз барасың аздай болып, жар-жар,
Жылағаның батады наздай болып, жар-жар.
Құрбың үшін жылаған замандасым, жар-жар,
Сан тобынан адасқан қаздай болып, жар-жар.
Қасың қара қаламның сиясынан, жар-жар,
Қолың нәзік таулардың миясынан, жар-жар-ай!
Көгілдірі аққудың сықылданып, жар-жар,
Қайтқан құстай боздайсың ұясынан, жар-жар-ай!
Жібек шәлі басыңа ораушы едің, жар-жар,
Жұпар құйып шашыңды тараушы едің, жар-жар.
Барқыт бешпент, көйлегің материя, жар-жар,
Оқаменен әр сайын қынаушы едің, жар-жар!
Өз үйіңе патшадай қарындасым, жар-жар,
Шәһизада басыңды балаушы едім, жар-жар!
Күміс тұрман, алтынды ер, боз жорғамен, жар-жар,
Қырық ауылды көшіңді жанаушы едім, жар-жар.
Лағыл сырға құлаққа ілуші едің, жар-жар,
Барлық қыздың туындай асыл еркем, жар-жар.
Тамашаға сайрандап жүруші едің, жар-жар,
Жүруші едің құлаққа інжу тағып, жар-жар.
Тамашаңа барушы ем күнде бағып, жар-жар,
Торғын мәнер, шимайлы орамалың, жар-жар.
Қарақаттай көзіңнен жастар ағып, жар-жар,
Көңілдіге түс болмай асылзада, жар-жар.
Көндігесің жаманға енді неғып, жар-жар,
Күміс тұрман салушы ең мініп жорға, жар-жар!
Гауһар кәмәр беліңді буған шақта, жар-жар,
Ұқсаймын деп ойлаушы ең Ғайн қорға, жар-жар.
Өз үйіңе патшадай замандасым, жар-жар,
Ақсұңқар құс сықыдды түскен торға, жар-жар!
Ақан Сері