Біздің көңіл қайда жатыр

Ой қалқа, біздің көңіл қайда жатыр …
Толқыған он төртінде айда жатыр.
Ат тұрса, атан тұрса көз салмаймын,
Арғымақ мың теңгелік тайда жатыр.
Қош исі жарқыратып көңіл ашқан,
Ақ құйрық фамилиный шайда жатыр.
Гүл шашақ, жасыл бояқ жайлауында
Көңілім ел қонбаған сайда жатыр.
Хиуадан торға түскен ақ сұңқардай,
Көңілім қапаланған торда жатыр.
Білетін асыл жайын жан болмаса,
Жаманды ие қылайын, жолда жатыр.
Қалқаға анда-санда жазған назым,
Хәлімнің дәптеріндей томда жатыр.
Тапсырдым теріс болсаң бір тәңріге,
Тәңріге айтар сөзім сомда жатыр.
А.Қ.М.Л.Л. Радубайны,
Брилиант гауһар жүзің сонда жатыр.
Сөзіңнің әрбір қарпі менде жатыр,
500.000 бинақордай сенде жатыр.
Еш адам тағрыпыңа тұра алмаған,
Назымың үш тоты құс анда жатыр.
Қарпіңді ақ қағазға тартып көрсем,
Назымың он екі шын қанда жатыр.
Нәсілін үш тотының біле алмасаң,
Екі шам біреуі қанда жатыр.
Ғашықлық бұлбұл құсы сайрағаны
Ғарана паруаза қанда жатыр.
Дауасы бұл дертімнің табылмаса
Ішінде ақ көйлектің орын жатыр.
Қалқаның тал бойында порым жатыр.
Баласы ақиықтың түсер ме деп,
Баурында Көкшетаудың торым жатыр.
Толықсып тай дүзгеннің көбігіндей
Қойылмай ғашықлықтың қорым жатыр.
Көңлімді басқа жанға бұра алмаймын
Бәндуанда уағдаңның торым жатыр…
 
 
Ақан Сері Қорамсаұлы
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *