САЗ

Саз қай жерде де бар. Өзендердің, сайлардың, жыралардың кернеуінде де көрініп тұрады. Құдық қазғанда жер астынан да саз шығады. Саз су күйінде жұмсақ, нанша иленеді. Кепкенде қап-қатты тастай боп қатады. Саз түсі түрлі болады: сары, қоңыр, қызыл, күрең, көк, ақ, сұр. Ақ саздан ақ борды айыру керек. Борды ашқылтым қымыз я айран сияқты нәрсенің ішіне салса быжыл-дайды, сазда ол жоқ. Жәй саз бордан иісімен де айырылады. Саздың өзгеше иісі болады, саз су күйінде илеуге көнеді бор көнбейді. Саз илеуге көнетіндіктен саздан түрлі нәрселер істеледі. Мәселен: ыдыстар жасалады, кірпіштер құйылады. Ақ саздан істелген нәрселер қымбат болады. Сұр саз күйгеннен кейін қызыл болады, мәселен: саздан күйдіріп жасаған қыш көзелер, қыш кірпіштердің түсі қызыл болатынын көрген шығарсыңдар. Кірпіштер, қыш көзелер жәй саздан жасалады. Істеуі де қиын емес, сондықтан олар қымбат болмайды. Ақ саз кезкелген жер-ден табыла бермейді. Ол сирек ұшырайды. Онан нәрсе жасағанда өзгеше илеп жасайды: нағыз қымбат қыш аяқ, қыш табақ, лампа қалпақтарын нағыз ақ, таза балшықтан істейді. Саздан істелетін нәрсенің пішінін келтіріп болған соң кептіреді, сонан соң күйдіреді. Күйдіргеннен кейін сырты жылтырап тұру үшін өң береді. Өңді шынымен береді. Қатты қызудан шыны балқиды. Ыдыстың үстіне ұн сияқты үлкен шынының ұнтағын жақса, отқа қойып қыздырған кезде ұнтақ балқып, ыдыстың бетіне жайылады, суыққа шығарған соң қатады. Сондықтан кеселердің, қыш табақ, қыш аяқтардың, лампа қалпақтардың беті жылтырап тұрады. Саз табиғатта тас күйінде де табылады. Жер астына саз түседі. Мұның үстіне топырақтар жауып, қалындатады, басады, салмағын салады. Аз да болса сазға ылғал барады. Салмақ пен ылғал қосылған соң саздың түйірлері бірімен-бірі қосылып, байланады. Үстіңгі қабаттардың салмағынан саз тығыздалып, қатаяды. Ақырында тасқа айналады. Тығыздалған қабаттары білінеді де тұрады. Мектепте балалар жазатын тас тақтай сол қатайып тығыздалған саз.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *