Мұнан бұрын бес жүз жыл шамасында ма, теңізді жағалап, кемемен су кезушілер келе жатқан. Бір жерге келіп бірнеше күн демалып, су жағасында аялдамақшы болады. Ас пісіруге кешке от жағады. Асуға ошағы болмаған соң, қазан астына алып келе жатқан кесек-кесек селитраларын қояды (селитра мұз сықылды жылтыр, тас сықылды қатты нәрсе). Селитра тас қой, отқа ери қоймас деп ойлайды. От жаққан жерлері теңіз жағасы құм. Өрт кетер деуге шөп болмаған соң, тамақтарын ішіп, отты сөндірмей, жатып ұйықтап қалысады.Ертең тамақ асуға тағы от жағайын деп қараса, селитра жоқ. Орнында жылтыраған-жылтыраған бір нәрселер жатыр, түсі мөлдір, бозғылт. Бұ қайдан шықты, неден болды? деп жолаушы-лар ойға қалады. Бақса, селитра еріген екен де, құммен қосылған екен, бұл жылтыраған нәрселер сонан болған екен, анығына қану үшін қайта от жағып, селитра салса, от қызған кезде селитра да, құм да еріп, біріне-бірі қосылып, тағы манағыдай жылтыраған нәрсе болып шығады. Мұндай нәрсе жасауды білгендеріне қуанысып, үйлеріне келіп, шыныдан нәрсе жасай бастайды. Әуелі осы күнгі сияқты пайдалы нәрселерді жасамайды, моншақ, көр-жер істейді. Сонан соң қатпай тұрғанда түрлі пішінге келтіруге болатынын аңғарып, ат сияқты нәрселердің тұлғасын жасайды. Соңынан ыстақан, шыны-аяқ, шыны табақтар, түрлі ыдыстар жасайтын болады. Шыны балқып тұрған кезінде бір түрлі бояуларды қосса, шыны боялып, түрлі-түсті болмақ. Неше жүз жылдардан бері адамдар шыны жасаудың неше түрлі тәсілін байқай-байқай, ісін сонша жеңілдетіп, жетілдірген, айтып отырғанда ертегі сияқты, адам нанарлық емес.Шыны үш нәрседен істеледі: құмнан, сақардан, избизден. Осы үшеуін араластырып, қатты қыздырса, қызудың күштілігінен балқып, еріп, су сықылды мөлдір сұйық зат болады. Шыны зауытында избиз, құм, сақар салатын үлкен-үлкен қазандар тұрады. Шыныны түрлі пішінге салып қоятын қалыптар болады. Шыны істеуге дағдыланған жұмыскерлер болады. Бөтелкелер, стакандар, шам мүржелері сықылдылардың ішіне ауа үріп кіргізіп жасайды, қалың сом шыныларды құйып жасайды. Сүйтіп, балқып тұрған затты қалыпқа құю түсінікті. Үрумен әйнек-пиялалар, ыдыстар жасалады деген сөз түсініксіз болар. Оған түсіну үшін мысал көрсетелік. Шамалы су алып, азырақ сабын езіп, шөптің қуыс сабағынан түтік қылып, сабын езілген судан азырақ түтікпен сорып суалып, бұлай шығарып үрсе, түтік аузында күмбез пайда болады. Шыныдан үріп, нәрсе жасағанда да солай үріп жасайды.Біздің алған шөп түтігіміз орнына темір түтік болады, сабын езген суымыз орнында балқыған сұйық шыны болады. Жұмысшы ұзын темір түтікті алып, еріген шыныға үстін батырып, аз ба көп пе керегінше алады да үреді. Үргенде мұнда да әуелі түтік ішінде күмбез пайда болады. Күмбезді керекті тұлғаға түсіру үшін жоғарылы-төменді шайқайды. Байқап жүргенде, шыны салқындап қата бастайды. Сүйтіп бірнеше минутта бөтелкі шынылар да пай-да болады. Сырттан қарап тұрғанда шыны жасау жұмысы оп-оңай ойын-шық сияқты көрінеді: ол жұмыскерлердің тәсілін біліп, жаттығып қалғандығынан. Үріп шайқап, шыныдан нәрселер жасап, түрлі тұлғалар беруге көп үйреніп жаттығу керек.
Ахмет Байтұрсынұлы