ҚҰМ МЕН ШАРЫҚ ТАС

Құм қай жерде де бар. Бір жерден бір уыс топырақ алсаң, ішінде құм болады. Құм кей жерлерде неше күншілік жерге далиып жайылады. Құм су күйінде жентектеледі, саз сияқты иленбейді, түсі ақ та, сары да, қызыл да, сұр да болады, құмның ірісі де, уағы да бар. Құмның түйірлері сазбен байланып біріксе, шарық тас бо-лады. Құм жер астында да бар. Избиз (известь), саз, жаңбыр суымен ериді, еріген саз бен избизді шайып, су үйіліп жатқан құмға апарып араластырады. Саз бен избиз жабысқақ нәрселер. Жердің үстіңгі қабаттары салмағын салып басқанда, әлгі избиз бен саз құмның түйірлерін ұстастырып, біріктіреді, байланыстырады. Басыла-басыла құм тас болады. Міне, осылай құмнан «шарық тас» болады. Шарық тастың ішіндегі құмы ірі болса, онан диірмен тас, орақ жонушы, шар қайрақтар істеледі. Егер шарық тастың ішіндегі құмы майда болса, онан пышақ қайрайтын жұмсақ қайрақтар істеледі. Сонымен қайрақ істейтін, диірмен тас істейтін, орақ жонушы істейтін тастар атам заманда сазбен байласып, қатып шыққан құм. Шарық тас қайрақ пен диірмен тасынан басқа орынға да жұмсалады. Мәселен, үй салынады, жолдарға, көшелерге төселеді, көпірлер, бөгеттер салынады. Шарық тасты бұл күнде қолдан да жасайды. Осы күнгі шарық қайрақтың, орақ жонуыштардың көбі сол қолдан жасаған шарық тастар. Құмнан шыны зауыттарында басқа нәрселермен араластырып шыны да жасайды.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *