УАҚ ТАС, ҚҰМ, САЗ

Ойнап жүріп құрғап қалған сайдың түбіне түскендерің бар, болмаса өзен жағасына барғандарың бар. Көлде я өзенде суға шомылып жүріп, жалақ ойнайсыңдар, сүңгіп кетіп су түбінен уыстап уақ тас алып шығып, біріңе-бірің атып жіберіп, жүзе келе қашасыңдар. Судың түбінде де, өзен жағасында да, сайдың табанында да жұп-жұмыр уақ тастарды көресіңдер. Әдемілерін теріп, үйге алып келіп, ойнайсыңдар, жылқы қыласыңдар. Тастың ішінде қызылы да, сарысы да, жасылы да, сұры да, қарасы да, шұбары да, ағы да бар. Уақ тастар өте қатты, пышақпен сызуға да келмейді, сындырайын десеңдер балғамен ұрып зорға ұсатасыңдар. Сол уақ, жұмыр тастарың қайдан шыққан, жақын жердегі үлкен тастардан омырылып түсті деуге маңайында тау жоқ. Сайдың басын жағаласақ, біраз жерге барған соң төбе я тауға соғамыз, олар да үлкен тастар болады. Көлге де сайдың суы құяды. Біздің көретін уақ тастарымыз сол үлкен тастардан сынып түскен, қалайша? Судың жүрмейтін, кірмейтін жері жоқ. Соның үшін су үлкен тастардың жарығына да кіреді, қатқан соң тасты бұзады. Мәселен, шыныға су толтырып, аузын тығып, қысты күні аязға қойып қатырсаң, шыны быт-шыт болып сынып қалады. Тас та солай болады. Уақ шөптердің тамырлары да тамақ пен су іздеп тастың жарығына кіреді, тастың айналасына шөптің тамыры шырмалып, жарығына кіріп кеткенін көргендерің бар. Сол тамырлар өсе-өсе  әлгі жарықты бұрынғыдан да кеңітіп, жігін ұлғайтады, ақырында тасты жарады. Сонымен үлкен тастар бұзылады.Кейбір сынықтары өзенге, сайдағы суға жылжып барады. Судың ағысы бұларды төмен қуып кетеді. Бұл сынықтар төмен жылжи береді, бірінің басынан бірі ырғып түсіп, сүйкеледі, мүжітіледі, тегістеледі. Талай жылдар сынықтар ағып, қозғала береді. Жаз өзен ағысы жайланғанда, тастар шөгіп, қозғалмай демалып жата-ды. Жазғытұры тасқын кезінде я қара жаңбырлар артынан өзенде су көтеріледі, ағыс қатаяды, зулап төмен жөнеледі: тастар да ор-нынан тұрып, қатты ағысқа еріп, ілгері жылжи береді. Ілгері жылжыған тастың сынығы кішірейе береді. Жұм-сақтары сүйкеле-сүйкеле үгіліп, құм, саз болады. Мәселен, қол диірменнің тастары егеле-егеле жұқарып, құритынын білеміз. Су түбімен аққан тастар да сол диірмен тас сықылды үгітіле береді. Жұқарып жеңілденгендері ауырларынан озып кетеді, ертерек барып теңіз бен көлдердің түбіне шөгеді. Қатты сынықтары көпке шейін үгітілмейді. Сонда да көп жыл-дардан соң, судың шайғанымен және біріне-бірі сүйкелумен бұлар да үгітіле береді. Ақырында жылтыр, жұмыр, уақ тас күйінде өзенге жылжып барады. Өзеннен біз тауып аламыз. Бұдырлы тастың жұмырлауына өзен ағысының көп еңбегі сіңген.Сол уақ, әдемі тастар өзенге құлаған соң да тыныштық алмай, ілгері жөнеледі, бұлардың орнына басқа тастар келеді. Өзен ағысы күшті болса және әлгі тастар жолда үгітіліп құрымаса, ақырында теңізге барады. Теңіз толқындары да уақ тастар жасайды, бірақ жасау реті өзгеше болады. Теңіз суы толқындалып, жиектегі жартастарға гүрс етіп соғып, келіп кетеді. Таудай толқын жиекке төніп келіп, ақ көбігін көкке шашқанда қарауға адам қорқады. Толқын үлкен жұмыс бітіреді. Жиекке ұмтылғанда теңіз түбінен толқын уыстап, уақ тастарды ала шығып, сол тастармен жиектегі жартастарды лақтырып ұрады. Ұрған сайын жартас бірте-бірте үгітіліп, қажалып, төменгі жағынан жұқара бастайды, бір кезде тастың үлкен жаңқалары да омырылып кетіп, теңізге түседі.Теңіз толқынының түйіп кеткенімен әлгі тас та уақталып, бөлінеді. Бұрыштары сүйкетіліп құрып, мүжітіліп, қаттылары уақ, жұмыр тас болады.Сонымен уақ, жұмыр тастар, жер бетінде үйіліп жатқан құм, іркілдеп жатқан саз, бәрі де ірі тастардан судың күшімен шыққан болады.

«Живой родниктен»

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *