Боянған, күлгір, шырайлы,
Сұлу емес сырлы бет,
Ширатылған түйіндей,
Шын сұлу күшті бұлшық ет.
Тоқпақтай түйін бұлшық ет,
Әлемді күшке қаратқан,
Сан керемет машина
Күшіменен жаратқан.
Тоқпақтай құрыш жиырылып,
Қозғалса, ойнап бұлтылдап,
Ширатылып түйіндей,
Жазылып жылдам жылпылдап.
Балғын білек, балтыр да
Ширатылған түйіндей.
Бұлтылдаса бұлшық ет,
Кім тұрады сүйінбей?
Көк темір құрыш болатпен
Асусыз асқар тау кескен.
Тас қопарып, жер үңгіп,
Шыңырау қазып, жер тескен.
Шыңыраудан қазып қопарып,
Шығарған болат көк темір.
Мыс, күміс, алтын, қорғасын,
Жер майы, алмас, тас көмір.
Аспанға ұшып су кешіп,
Дүние айналып қыдырған,
Темірден құйып жол салып,
Жер қыртысын сыдырған.
Түйіні тоқпақ бұлшық ет,
Аюды да үйреткен.
Бұғалық салып сүйретіп
Омыртқасын күйреткен.
Айғырдың тоқпақ жалындай.
Бөкеннің серке санындай,
Қайыңның қырған безіндей
Шортанның жұмыр беліндей
Ширатылып түйілген
Болаттай күшпен илеген.
Бұлшық етті білекпен
Балтырдан сұлу дене жоқ.
Сәкен Сейфуллин