Қағазды ескі-құсқы, іске аспай қалған матадан жасайды. Уақ балалар, шалдар арқасына қап салып жүріп кез-келген боқтық, төгіндінің ішін ашып, керегін тауып алады. Олардың қолында ұшына шеге қадаған таяғы болады. Қалған кәдеге аспайтын ескі шүберектерді жинап алып, қайтып барып пабрикаға тапсырады. Бір жерде жоғалып қалған ескі орамал, түрлі шүберектің ескі қиқымы, далаға шығарып тастаған көне шүберек бәрін де әлгілер теріп, пабрикаға алып барып береді. Бірнеше жұмысшылар алып келген ескі шүберектерді айырып, бөліп отырады. Қалың шүберекті жұқасынан, қатты шүберекті жұмсағынан, жүннен істегенін мақтадан істелгенінен айырады. Бір түрлі шүберектерді бір жерге үйе береді, жұмыс аяғында отыз, кейде онан да артық үйіншектер болады. Көбейіп болған соң әр үйіншектен әртүрлі қағаз жасалады. Әуелі ескі, жаман шүберекті бөліп, кесіп, тігісін, түймесін, ілгегін, сол сықылды нәрселерін алып тастайды. Ескі шүберектер лас жерде жатқан. Бәрі де кір, лас болады: жұққан нәрсенің бәрін тазарту керек. Тазарту үшін шүберекті үлкен жәшікке салады. Жәшік ішінде тұқымы жоқ. Жуан-жуан бақалағы бар тегермеш айналып тұрады. Тегермеш айналғанда бақалақтары шүберекті жасап сілкіп-ұрып, құрғақ шаңын қағады. Шаң көптігінен жұмыс қылып жатқан бөлмеде демалуға болмай-ды. Шаң далаға шықсын деп, жәшік үстіне үлкен қалқан қондырып, арасынан үлкен мұржа шығарып, шаңды далаға жібереді. Тазалап болған соң ескі шүберектерді қазанға салып қайнатады. Тазарып, жуылсын деп қазандағы суға сода мен (Сафардың бір атасының ұлы) избиз (известь) салады я избиз орнына күл қосады. Кір жуғанда адам кірі әбден кетсін деп су ішіне қалтаға салған күл қосады ғой. Қайнап шыққан соң ескі шүберекте таңба, дақ қалмайды, түсі өзгереді, тазарып ағарады. Бәрінен бұрын шүберек мылжа-мылжа болып жұмсап, босап, айран сияқты болады. Ең керегі міне, осы. Қайнатып жатқанда тегіс қойылсын деп былғап тұрады.Сол қойыртпақ ауызы ашық, үлкен ыдысқа құйылады. Ыдыс ішінде қойыртпаққа сұйық желім құйылады, болмаса, қағаз үстіне тамған суық нәрсені соңыра өткізіп жайып жібереді. Қойыртпақ желіммен араласып болған соң, табақ-табақ қылуға болады. Қойыртпақты жұмысшы төрт бұрышты таба мен ожауша баты-рып алады. Табаның түбі қойыртпақтың суы төмен сорықсын деп темір тордан жасалады. Суы сорыққан соң табаның үстінде былқылдақ, ылғал жоқ, қабық қалады. Осы қабық қағаздың табағы. Сол қабықты енді мауытының үстіне салады. Мұның үстіне тағы шұға салады, шұғаның үстіне тағы қағаз салады. Ақырында екі жүздей қабат болады. Осының бәрін преске салып (бастырық) екі жағынан қысады. Сонан соң әр табақты бөлек кептіріп, тегістей-ді. Бұл күнде қағазды бұлайша қолмен істеудің орнына, машина-мен істейтін болды. Машинаның жасалуы бұлай: машинаның бір жағынан әлгі қайнаған қойыртпақ құйылады да, екінші жағынан қағаздың табақтары әзірленіп шығып тұрады. Машинамен істегенде жұмысы елу рет жылдамырақ болады, машинаға қойыртпақ құйылған екі минутта қағаздың табағы әзір болады. Жазатын қағазды крақмал (крахмал) клейстірінен, сабыннан, ашудастан қосып істеген бір нәрсемен сіңіріп желімдейді. Бұл күнде салам, ағаш ұнынан да қағаз жасайтын болды, бірақ бұл қағаздар сынғақ, тозғақ болады.
Ахмет Байтұрсынов