Бір нәрсе шырт ұйқымнан түртіп оятқандай болды. Тізбектеліп ұшқан көбелек сықылды тап құлағымның үстінде ызың-ызың естіледі, ұзақ, үзіліп созылған, мұңды ызың шығады, аударылып түсіп шам жағамын, көрпемді асығыс үстімнен сілке тастап, киіне бастаймын. Он минуттай өткен соң шапанымның түймесін салуға асығып далаға шығамын. Есік алдынан пабрика алақаныңдағыдай тұтас көрінеді. Сол қабырғасында желі тартып байлағандай тізбектесіп тұрған бес қабатты иірме-тоқыма бөлімінің үлкен-үлкен үйлері, мұның арт жағында өзенді қуалай мата бояп, сиялайтын бөлімінің мұржасы сорайып көрінеді. Оң бетінде ұзыннан-ұзақ тартылған төрт қабатты қазармаларды (казарма) көзім шалады, бұл жұмысшылардың үйлері. Пабрика мен жұмысшылар үйінің арасынан үлкен жалпақ жол кесіп етіп, азырақ ағаштың ішіне кіреді, басқа үйлерден қашығырақ шіркеу мен аурухана тұр. Тап менің маңдай алдымда деректірдің (директор) әп-әдемі үйі көрінеді, оның ар жағында қызметшілер үшін салынған үйлер көшеге сыйыспай тұр, жұмысшыларға арнап салынған шайхана, кітапхана, үлкен дүкен, қасап соятын үй көрінеді. Мен пабриканың бас үйлеріне қарай жөнелдім. Мен келе жатқан жерге үзілместен үш жағынан жұмысшылар шұбырып келіп жатыр, аңқитып ашып қойған есік келгеннің бәрін жұтып жатыр. Жалпақ тас басқышпен әйел-еркектер жоғары көтеріліп жатыр, жұрттың бәрі жұмысына асығып келеді, беттері бір нәрсені ойлаған сықылды, қабақтары жабылыңқы, адам дауысы естілмейді. Он-он бес минуттан соң екі мыңдай кісі орындарына келіп тұрып болды. Тірі жан сияқты пабриканың да жүрегі болады, ол жүрегі бу машина, жүрек болмаса я соқпаса тірі жанның қаны тоқтап, өліп қалады, бу машинасы болмаса пабрика қозғалмайды, жұмыс қыла алмайды, жансыз өлген кеуде сияқты болады, соның үшін қожасы бу машинаны өте мықты күтеді. Машина кең, жарық үйде тұрады. Пабриканың басқа жеріндей емес мұндағы нәрсенің бәрі де тап-таза, жылт-жылт етеді. Машина үлкен бөлімдерінен бас-тап құрттай бұрандасына шейін кіршік жоқ, сүртулі, жарқылдап тұрады. Қазір болаттан соғылған алып тым-тырыс қимылдамай тұр. Соның үшін әлі барлық пабрика қозғалмай, жым-жырт. Ал, енді барлық іс істейтін жерлерге қоңырау беріле бастады: бұл қазір машина жүргізіледі деп хабарландырғаны. Бір минут, екі минут өтті ме, өтпеді ме, машина теңселіп қозғала бастады, үлкен тегірмеші бір айналдақ машинаның соңынан бар нәрсе айнала берді. Пабрика гүрілдеді, тірілді, жан енді: тегермештер улеп, күрсілдеп, дөңгеленіп ұйытқып жатыр, белдері қатты жел күнгі қаңбақша асығып домаланып жатыр, тартпа қайыстар сырылдап айналып жатыр. Өз-өзінен жіптер ызыңдап жүгіріп жатыр. Машина ана жерде мақтаны сабаумен ұрып, дірілдетіп сілкіп, жұлқып жатыр, мына жерде болат тарақпен бұрқыратып түтіп жатыр. Ана арада жіп ширатып жатыр, мына арада ағашқа жіпті төгіп жатыр, жіп ағаштың жаны бар сияқты өз-өзінен домаланып, айналып жатыр. Ағаштан жіп тоқитын машинаға қолын созып, кетіп бара жатыр, тоқыма машина ілгері кейін өз-өзінен жүгіріп, ентігіп, минутына жүз елу рет айналып жатыр. Ана жерде машина жаңа ғана тоқылып шыққан меткелді бүктелеп жатыр. Бүктелген мет-кел кішкене темір арбаларға мініп, бояп өрнек салатын бөлімге жөнеліп жатыр. Бұл бөлімде меткелді бояп, өрнек салып шыт қылып жатыр. Жұмысшылар машинаны қадағаласып бағып тұр, үзілген жіпті жалғап жібереді. Шүберекті алып, қозғап жібереді. Астындағы жер ойылып бара жатқандай-ақ, пабрика ойнақшып, секіріп, дірілдеп, қалтылдап, күрілдеп, мың кісідей шуылдап жа-тыр. Үйдің барлық қабаты да жылыса ылғалдана, ауасы тынышу бола бастайды, 9 сағаттан соң екінші кезектегі тың жұмысшылар келіп, бұрынғыларды алмастырады, таза ауаға шыға бере, мен бойым көтеріліп бір күрсіндім. Біздің пабрикамызда бес мың жа-рым жұмысшы, 300 қызметші бар. 800 жұмысшы ғана пабриканың сыртында, қалғандары ішіндегі қазармаларда тұрады. Көбінің қатын-баласы бар. Сонымен, пабрикадағы халықтың саны 6 мыңға жетеді. Біздің пабрикамыздан адамы аз қалалар Ресейде толып жатыр.
Павлов
Тәжіме: Ахмет Байтұрсынұлы