Тынық түн табиғатты маужыратқан,
Қотанда қой мен сиыр жусап жатқан.
Көмескі айдын нұры күңгірттеніп,
Маржандай аспан, жұлдыз жымың қаққан.
Жел тынық, қозғалмайды шөптің басы,
Айдың көл құрағы мол елдің қасы.
Айнадай тынық суда еркін жүзіп,
Шығады сыңқылдаған құстың даусы.
Ит үрмей, адам жүрмей тынған кезі,
Тыныштық жан біткеннің қылған кезі,
Қотанда қой шетінде арпалысып,
Төңбекшіп қойшы жатыр жалғыз өзі.
Жел, құм ер жастағаны, тоқым төсек,
Үйренбей өскен жамбас көрпе төсеп,
Тақыр жер баптақ түгіл жұтсадағы
Ренжіп оны сірә қылмайды есеп.
Ол түгіл көрген сорлы онан зорын,
Арқасын тыр-тыр қасып алмай қолын.
Үстінде кірлі көйлек пара-пара,
Қорлықтан көрмегені бар ма оның?
Келеді қойшы болып он бесінен,
Кетпестік бір миқынат зердесінен.
Ата-ана, туып өскен, құрбы-құрдас,
Еш кезде шығармайды елді есінен.
Жастанып жел, құм ерін жатса қойшы,
Қышынып ауыр ойға батса қойшы.
Жылы сөз шырағым, деп айтар жан жоқ,
Жүргенін ескереді жатта қойшы.
Анау бай жуан қарын, шүйде желке,
Қолында ақ таяғы тұрып ерте:
«Атаңа нәлет, ит-ау, тұрсайшы!» деп,
Бүйірін ауыртады түрте-түрте.
Төңбекшіп түніменен ой ойлаған,
Қиялын жан серігі қоя алмаған.
Сартылдап ақ таяқ та тиюші еді,
Кезінде тәтті ұйқыдан оянбаған.
Бәйбіше мынау жүрген былқ-сылқ еткен,
«Қойшы – иттің баласы!» деп күнде тепкен.
Жалшыны қарсыласқан қарғап-сілеп,
Жері аз ба, қуып шығып тентіреткен?
Мұншама таусылмайтын неткен қорлық!
Жаратқан мұнша неге Құдай қор ғып!
Қарғыс па, «қойшы» деген тағылған ат,
Көретін өміріне жұрттан зорлық.
Атаған бұл сорлыны қайдан қойшы?
Жақсы атты алмайтұғын байдан қойшы.
Түтіндей сар масаға қорек болып,
Ыстықта өріске қой жайған қойшы.
Жаралып дүниеге неге келмек?
Кетеді жүйрік қиял жоғары өрлеп.
Кірпігі қағылмайды бір-біріне,
Тәтті ойды таң алдында қылып ермек.
Біресе елестейді туған елі,
Көбелек балалармен қуған елі.
Өткелдің құмдарында қармақ салып,
Ойнаған асық, топай таныс жері.
Әлдилеп алдына алып сүйген ана,
Қосылып қайғысына күйген ана.
«Қалқам!» деп иманымен қабат айтып,
Мәңгілік ақ кебінді киген ана.
Кетпеген қызық дәурен онан әрі,
Езіліп көргенінің бейнет бәрі.
Қайғырып жас жүрегі қанға толып,
Жарыққа бір шыға алмай келеді әлі.
Жан болып жаралудан мақсат не еді?
Деген ой көкірегін құрттай жеді.
Қарғалған қойшы деген атты тағып,
Байға құл жүріп мәңгі жүру ме еді?
Болмаса бір жарық таң атпақшы ма?
Сорлылар еркін тұрмыс татпақшы ма?
Жойылып дүниеден қарғалған ат
Дәмінен бостандықтың татпақшы ма?
Күн қызып, минут сайын жел де тынып,
Сар маса аспан жүзі ың-жың болып,
Мейірімсіз бір жағынан мазалайды, .
Біреуі қолға, біреуі бетке қонып.
Ыстықта таңдай қатып, ерін кеуіп,
Бір жұтым саумал үшін елге келіп,
Сабаға көзді қадап ынтықса да,
Аяйтын бәйбіше ме, қымыз беріп?
Жас жанын удай жайлап, құрттай жеген,
«Тілегі қойшылықтан шықсам» деген.
Бірдей боп басқалармен күн көрісте,
«Уа, жастық! Үлесімді алсам» деген.
Ыңырсып жусаған қой, күйіс бырт-бырт.
Түрулі есіктері ұйқыда жұрт,
Талықсып табиғаттың тылсымына
Мұңданып басын иген дала жым-жырт.
Қасынып қотанында қойшы жатыр,
Тынсайшы, мазаламай бит батыр!
Таң келед, бай да келіп қала ма деп.
Кірді ол тәтті ұйқыға балдай татыр.
Бейімбет Майлин