Бұрын ұштаған таяқпен шұқып, адам баласы егін салған. Темір құралды ұстамақ түгіл, түсінде де бұрынғылар көрген жоқ. Бұл күнде темір құрал кім болса соның қолында. Ең әуелі темір балта шыққанда адам баласына таңсық көрінген. Ұсталарды құрметтеп, тегін кісі емес деп түсінген. Әуелі кетпен соққан Дәуіт Пайғамбар деп қазақ басқа Пайғам-барлардан гөрі Дәуітті киімнің ішкі бауындай көреді, артық санайды. Егер кетпенді ең әуелі Дәуіт соқса, Дәуітті әрине, басқа Пайғамбарлардан гөрі адамға пайдалы деуге болар еді, бірақ әуелгі кетпенді Дәуіт соғып, соқпағаны екі талай. Дәуіттің қара дүкенін ұстаған деп қазақ ұстаны әлі құрметтейді, басқа елдерде солай болған. Мұның бәрі темірдің адам тұрмысына өте маңызды екендігін көрсетеді. Бұл кезде темір сабан шықты. Онысымен қоймай, бірнеше түренді болып шықты. Алғашқы темір балта, темір кетпен таңсық болса да, әлденеше түренді темір сабан онан да гөрі таңсық. Сабан соңынан түрлі егін құралдары, машиналары шықты. Темір молайды, темір зауыттары көбейді. Адам еңбегінің өнімі артты. Ел өсіп, қонысы тарылғанда, бұл дөбі келген іс болды. Бұрынғы құралдар мен жұмыс істеу маданияты өте кенжелеп қалған жұрттар ғана арасында сақталып қалды.Бұл күнде маданиятты елдерде, Ресейде де жерді машина сабанмен жыртады, темір тырмамен тырмалатады, машинамен егін орады, машинамен егін басады, машинамен егін суарады, машинамен тұқым шашады. Бұлардан соң өзі бірден орып, баулап кететін машиналар шықты. Ол машина бір күнде он адамның жұмысын істейді. Бұл машиналардың бәрі де көлікпен жүреді, адам тек басқарып тұрады. Жаңадан жерді көліксіз өзі жүріп жыртып, тұқым шашып, тырмалап кететін «трактор» деген машина шықты. Міне, адам ба-ласы тамақ іздеумен тұрмыс тәжірибесі мен таяқтан бастап амал-сыз «тракторға» келіп жетті. Соның бәрін істеген адамның екі қолы мен миы.
Ахмет Байтұрсынұлы