ЖҰМЫРТҚАДАЙ БИДАЙ

(қазақшаландырушы – Қыр баласы)

         Балалар ойнап жүріп, жұмыртқадай бір нәрсе тауып алады. Ортасында бидайдың сызатындай сызаты бар, тұрпаты нақ бидай. Бір жолаушы балалардан бес тиынға сатып алып, қалаға апара-ды, қолға түспейтін нәрсе деп, патшаға қымбатқа сатады. Патша данышпандарды жиып: – Бұл жұмыртқа ма? Бидай ма? – деп сұрайды. Данышпандар олай да, бұлай да қарап, патшаның сұраған сөзіне жөнді жауап бере алмайды. Терезе алдында жатқан нәрсені тауық келіп шұқып, 1-2 теседі. Жұрт бидай екенін білді. Данышпандар: бұл кәдімгі арыш бидай екен деді. Патша бидайды таң-тамаша қылып қайда, қай уақытта шыққан бидай, табыңдар деп данышпандарға жарлық қылады. Данышпандар әрі ойлайды, бері ойлайды, талай кітаптарды тінтті, түк таба алмайды. Біз түк таба алмадық, кітапта бұл туралы ешнәрсе айтылмаған екен, мұның жайын мұжықтан сұрау керек десті. Патша шабар шаптырып, кәрінің кәрісі шал мұжықты тауып әкелуге бұйырады. Айтқанындай шалды тауып, патшаға алып келді. Иекте тіс, бойда күш, тәнінде ет жоқ, көз кіреуке, құлақ мүкіс, адам сыны жоқ, кеудіреп тұрған бір шал екі таяққа сүйеніп, патшаға келеді. Патша бидайды көрсетеді. Шалдың кіреукеленген көзі оңды көре алмай, көргенін көріп, көрмегенін қолымен сипап қарайды.
– Ақсақал, бұл бидай қайдан шыққанын білесің бе? Өзің мұндай бидайды егіп көргенің бар ма? Болмаса, сатып алғаның бар ма? Қайда, қашан сатылғанын білесің бе? – деп, патша шалдан сұрайды. Шалдың құлағы ауыр, айтқан сөздерді азар естиді, әрең түсініп, зорға жауап береді. – Жоқ, мен мұндай бидайды егіп те, орып та, сатып алып та көргенім жоқ. Сатып алған бидай мұндай ірі емес, қу шөлмек болатын. Мұны менің әкемнен сұрау керек, сол білмес пе екен, – деді өлімтік шал. Патша шалдың әкесіне кісі жіберді. Жігіттер таяққа сүйенген бір шалды алып келеді. Патша бұған бидайды көрсетеді. Шалдың көзі көреді екен, бидайды алып қарайды. Патша алдыңғы шалдан сұрағанын мұнан да сұрайды, құлағының сәл мүкісі болса да, баласынан анағұрлым қунақ, сергек, жас көрінді. – Жоқ, мен мұндай бидайды өмірімде еккенім де, сатып алғаным да, көргенім де жоқ. Мен өмірімде ақша дегенді есіткенім жоқ. Біздің заманымызда халық өз нанын өзі жейтін. Ашаршылықта бар нанын көршісімен бөліп жейтін. Біздің бидай бұл күнгі бидайдан шығымды да, үлкен де болушы еді, бірақ, нақ мұндай ірі болмайтын еді. Әкем айтушы еді: оның заманындағы бидайлар өте үлкен және шығымды болушы деп. Сонан сұрасаң екен, деді бұл шал. Патша шалдың әкесін алдыртады. Баладай ойнап, жымпыңдаған, құп-қунақ шал патшаға жүгіріп келіп, сәлем береді. Құлағы сап-сау, көзі жайнаған шоқтай, сөзі судай сырғиды. Патша бидайды шалға көрсетеді. Шал бидайды қолына алып, айналдырып қарады. – Шырағымды көрмегелі көп заман болды, – деп, шал бидайды тістеп үзіп алып, шайнап, – нақ өзі, – дейді. Патша бұрынғысын бұл шалдан да сұрады. – Менің заманымда, – деді шал, — бұл бидай қайда болса сонда шыққан. Менің жеп өскен наным, көршілерімді сыйлағаным – осы бидай. Менің егетінім де, орып бастыратыным да осы бидай еді. – Бұл бидай, ата, өзің егетін бе едің? Жоқ сатып алатын ба едің? – деп патша тағы қайта сұрады. Шал миығынан күлді. – Біздің заманымызда сатқанды кім көрген? Сатқан күнә емес пе? Онда ақшаңды кім білген? Әркімнің өз наны өзіне жетерлік болатын, – деді шал. – Бұл бидайды қайдағы егіндікке ектің? Ол егіндік өзіңдікі ме? – деп патша тағы сұрады. – Менің егіндігім Құдай жері. Қай жерді жыртсам, сол жер менің егіндігім. Еңбегім, терім сіңген жер менікі. Құдай жері, кім еңбек сіңірсе соныкі. Жердің сенікі, менікі болуының шарты жалғыз-ақ еңбек және табан ақы, маңдай тер сенікі, менікі бола-ды. Жердің сенікі, менікі болуы табан ет, маңдай тер сіңуінен, – деді шал. – Тағы екі ауыз сөзіме жауап айтшы, ата, – деп патша сұрады: – Бұрын неге мұндай бидай шыққан, енді неге шықпайды? Бұл бір. Сенің немерең екі таяқпен зорға сүйретіліп келді, балаң таяққа сүйеніп келді, сен таяқсыз келдің, көзің шоқтай жайнап тұр, тісің түп-түгел, пышақтай өткір, сөзің ап-анық сақпанның тасындай, денең қунақ, кескінің жақсы, пішінің түзу, бұл неліктен мұнша екі түрлі болды? – деді.– Адам баласы…. табан еті, маңдай терімен күнелткен таза жолдан шыға жайылды. Еңбексіз мал тапқысы келеді. Бұрынғылар өз табан ет, маңдай теріне жалынған… Ендігі адам іздегені арамзалық, текке біреудің еңбегінен пайдаланбақ. Сен сұраған екі түрлі күй осыдан болған, – деді шал.

Лев Николайұлы Толстой

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *