ҚҰЛ ҰСТАЙТЫН ҚҰМЫРСҚА, МАЛ БАҒАТЫН ҚҰМЫРСҚА

Жандықтар арасында тамақ үшін соғыс өте көп болады. Құмырсқалар да басқалардан жауынгерлік жағынан қалыспайды. Адам сияқты құмырсқалар соғыстарының да түрлі себептері болады. Құмырсқалар жерге таласып соғысып, қырылысып қалады. Құмырсқалар илеуінің маңындағы шөптің, астықтың дәнін қиып алып ініне жинайды. Жақын жерден басқа құмырсқалар келіп жаңадан илеу салса, тұрған халық жаңа көршілерін астыққа ортақ болар деп жаратпайды. Жаңа салынған илеуге аттанып барып төбелес шығарады. Соғыста екі жағынан да көп құмырсқалар қырылып қалады. Егінші құмырсқалардың егіп қойған астығын басқа құмырс-қалар ұрлап, орып алып кетейін деп келсе де қатты, қанды соғыс басталады. Кейбір құмырсқалардың кәсібі – басқаларды талау, соғыста қолына құл түсіріп алып, жұмысқа салу болады. Құмырсқалардың түсі, денесінің жаратылысы, тұлғасы түрліше болады. Солардың ішінде қып-қызыл қан сияқты бір тұқымы бар. Міне, осы қан түсті құмырсқалар құл иеленеді. Бұлар әуелі басқа  тұқымдардың илеуіне баршы жібереді. Баршы илеудің есік-тесігін біліп қайтқан соң, илеуінің төбесіне жиылысып, құмырсқалар кеңес құрғандай болады. Біразырақтан соң ішіндегі соғысшыларын шұбыртып алып шығып, жорыққа аттанады. Соғысқа келе жатқан құмырсқа әскер сияқтанып, қатар-қатар болып, әлденеше мың болып шығады. Төніп келгенде бұлардың алдынан басқа илеудің соғысшылары шығып төбелес басталады. Балаларын құлдыққа оңай бере қоймайды. Кейде аттанып келгендердің илеуіне кіріп құрт сықылды балаларын ауыздарына тістеп алып қайтып құлдарына тапсырады. Құлдары бөтен құмырсқалардың баласын асырап-сақтайды. Өскен соң жаудан алып келген балаларды қожалары құлдыққа салады. Кейде аттанып келген құмырсқалар жауының илеуін қамап, қоршап жатады. Мәселен, әскердің қамалды қамағаны тәрізді қамап жатып, артынан келетін әскерлерін күтіп алады. Жауын шығармайды. Жауын сыртқа баласын ауызға тістетіп шығармайды. Баласын жолда тартып алып қалады. Баласыздарын қоя береді. Илеуге баласын тастап, жаулары қашып біткенде илеуге кіріп, балаларын құлдыққа алып кетеді. Құмырсқаның құлдары да болады. Дамыл-сыз жұмыс қылып, қожаларын асырайды. Олардың балаларын тәрбиелейді. Кейбіреулері құлдарын жарыққа шығармай, жер астындағы жұмысқа салады. Көшкенде ауыздарына тістеп алып жүреді. Кейбір құмырсқалар мыңдап құл ұстайды. Қожалары жұмысты аз істеп, құлдарының ертеден кешке дейін жұмыстан қолы босамайды. Бұлардың байы мен қатыны тіпті жұмыс қылмайды. Соғысшылары тек соғысуды біледі. Жұмыстың бәрін құлдары тындырады. Құл ұстайтын құмырсқалар патша үкіметінің алпауыттары сияқты: өздері илеуін де сала алмайды. Балаларын да асырай алмайды. Көшкен кезінде қожалары қонысты да қарап таба алмайды, қоныстың жайын білмейді. Қолайлы қоныс қарап табатын құлдары болады. Көшкенде құлдары қожаларын аузына тістеп көтеріп жүреді. Кейбір құл иеленуші құмырсқалар өздері аузына тамақ алып жеуді де білмейді. Қожалары мен құлдарынан бөліп, алдарына өздерінің сүйетін балын салып қойсаң, әзір балды жей алмай аштан өледі. Бұлардың жағының дағдылануы солай – шағуға келеді, шаюы келмейді. Соның үшін бұлар тек құлдары аузына салған тамақты ғана жұтады.Қожалары басқалардың жәрдемінсіз я ішу, я жеу дегенді білмей-ді, бірақ төбелеске оң қолдай болады: жағы шағуға жаттыққан болады. Құлдарына әбден сеніп кетіп, бұлар илеу жасаудан да, тамақ  жеуден де, баласын тәрбиелеуден де құр қалған. Ол жұмыстардың бәрі де қолынан келмейді. Басқалар істеп бермесе өліп қалады.Тиісті жұмысын атқарып тұрмаса, дененің қай мүшесі болса да, істен шығып қалуы, құруы табиғаттың заңы.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *