Екі жолаушы келе жатса алдынан бір адам қарсы шығып: «Бейсеует жүрген түйе көздеріңе түспеді ме?», – деп жарлайды. Жолаушының біреуі: – «Түйеңнің оң көзі соқыр ма еді?», – дейді. Жаршы: – «Ие», – деп басын изейді.Екінші жолаушы: – «Түйеңнің сол жақ артқы аяғы ақсақ па еді», – деп сұрайды. Жаршы: – «Дұрыс, сол жақ артқы аяғының ақсағы бар еді», – дейді.Сонан соң әуелгі жолаушы: – «Түйеңнің құйрығы шолақ па еді?» – деп сұрайды.Жоқшы: – «Ие, құйрығы шолақ», – деп асығып жауап береді де, ол түйені қайда көрдіңдер деп сұрай бастайды. Жолаушы: – Көргеніміз жоқ, – дейді.– Көрмесеңдер түйемнің белгісін қайдан білдіңдер, сендер түйемді ұрладыңдар ма, – деп жата жабысады. Жолаушылар: – «Ау, жаным, денің сау ма, түйеңді ұрламақ түгіл, көргеніміз де жоқ», – дейді. Жоқшы бұл жауапқа қанағаттанбай, үшеуі бір биге келіп жүгінеді. Би сұрастыра келе: – «Ұрламасаңдар, көрмесеңдер, ол түйенің белгілерін көрген кісідей және анықтап, байқап көрген кісідей қайдан білдіңдер?» – дейді. Жолаушылар: – «Біз ұры емеспіз, мал баққан, малмен көзіміз шыққан шаруаның баласымыз. Сондықтан білдік, біз тоғышар емеспіз» – деп жауап береді. – «Қалай білдіңдер?» – деп, би қайта сұрайды. Жолаушылар: – «Түйенің оң көзі соқыр ма еді? – дегеніміз, түйесі бара жатып ылғи жолдың сол жағындағы шөпті шалып жепті, оң жақтағы шөпті жемейді, артқы сол аяғының ақсақтығын білгеніміз: тұрып оттаған жерінде түйесі артқы сол аяғын көтеріп тұрыпты, түйесінің шолақ екенін білгеніміз: құмалақ тастағанда, алысқа жі-беріпті, шолақ түйенің құмалағы алысқа түседі, құйрықты түйе құмалағын алысқа тастай алмайды», – депті.
Ахмет Байтұрсынов