Ай, Орағым, Орағым!
Жалғыз қалдың қарағым.
Мамайжан еді ырысың,
Бір құрсақтан дүреген,
Екеу еді туысың.
Екеуің жауға барғанда,
Қалмақты жеңді ұрысың.
Серіксіз қалдың Орағым!
Дүние шіркін құрысын.
Қарағым, Орақ, ай, Орақ!
Ай балтасы қанды Орақ,
Алаштап ұран шақырса,
Құрбысының алды Орақ,
Мамай кетіп алдында
Туғансыз жалғыз қалды Орақ!
Атыңды дұшпан атаса,
Мамай еді серігің,
Оркөз еді көлігің,
Артында жалғыз сен қалып,
Мамайдың көрдім өлігін.
Мамайжан бойға біткенде,
Арыстан, бөрі етін жеп,
Қанып еді жерігім.
Мамай еді қуатың,
Екі жыл шөлге қамады,
Қалмақтың бермей суатын.
Айқай, енді күн қайда?
Қойға тиген бөрідей,
Жапыра қалмақ қуатын.
Құлыны өлген ақ байтал,
Енді саған күн қайда,
Ондай бала туатын!
Мамай еді жолдасың,
Қасыңа әскер ерітпей,
Мамай тірі жүргенде,
Өткір еді алмасың.
Қалмақтың басы Қараман,
Оны ұстап өлтіріп,
Кесіп едің қан басын.
Қаты қан атты қалмақтың,
Үш аттанып келгенде,
Отқа жақтың хан басын.
Мыңы байлап атқанда,
Дарымады етіңе.
Қой боғындай қорғасын,
Сол қызықтың үстінде,
Неге өлмедім, сор басым?
Мамай еді дәрменің,
Екеуің қатар жүргенде,
Бітіп еді арманың.
Бәрін міндің қатарлап,
Елдегі сұлу жорғаның.
Есім ханның ары үшін,
Қаты қандай қалмақтың,
Жеті бұздың қорғанын.
Мамайжан тірі жүргенде,
Еліңді жауға бермедің.
Қолыңды арға сермедің
Орманбет биді қалдырып,
Ноғайлыны тергедің.
Алтын тақтың үстінде,
Ханмен қатар көлбедің.
Дерексіз дүние қайтейін,
Екеуіңнің алдыңда,
Қазам жетіп өлмедім.
Айналайын Орағым,
Жау жайлайтын жарағым,
Тайды жеген бөрідей,
Таудай еді талабың.
Тарқамаса жақсы еді,
Тау бетінде қонағың.
Дұшпандарға тіреген
Аумаса игі еді табаның.
Сары ала туың салбырап,
Қалмақтың бұздың қамалын!
Хандардың білдің амалын,
Көзімнің Мамай нұры еді.
Хан кеңесі құрылса,
Сымбаты сұлу төре еді.
Жау кеңесі құрылса,
Жасқанбай шапқан ер еді.
Сасқандар ақыл сұраса,
Ойы терең сері еді,
Хан тарығып, халық сасса,
Жабықпаңдар, ноғайлы,
Жауың қайда, дер еді!
Белдемшесін белденген,
Мамай, Көкірегі желденген,
Мамай, Қара қошқыл қан жұтып,
Қан жұтпаса шерленген, Мамай,
Қалмақтың жерін жерлеген, Мамай,
Болатын шарға қайраған Мамай,
Бедеу атын байлаған, Мамай,
Шағанның бетін шаң қылып,
Төрт түлік малды айдаған Мамай.
Ойылдың сыртын шаң қылып,
Жылқыны топтап байлаған
Мамай.
Орданың үстін құрсатып,
Тең азамат жинаған Мамай.
Күндердің күні болғанда,
Мандайыма сыймаған Мамай!
Күмістен ожау ойдырған Мамай,
Қасаң бір қара сабаны,
Тұс-тұсына қойдырған Мамай,
Алты қанат Ақ Орда,
Ішіне жібек жайдырған Мамай.
Егескен ханды күнінде,
Алтын тақтан тайдырған Мамай.
Қараүлек шешең жоқтаған Мамай,
Дүйім алаш мақтаған Мамай,
Дұшпанды жерге таптаған Мамай,
Досты сыйлап мақтаған Мамай,
Айеуке сынды батырдың,
Басын кесіп күнінде,
Аш бөрідей аттаған Мамай.
Ақ сүңгінің қияғын,
Күміспенен қаптаған Мамай.
Ноғайлыны жау алса,
Үйде қарап жатпаған Мамай,
Ақ кіреуке сауыттым Мамай,
Аш құрсағым ауырттың Мамай.
Жылай, жылай жалықтым Мамай,
Қайғы жұтып жабықтым Мамай.
Тас емшегім жібіттің Мамай,
Қуыс сүйегім еріттің Мамай,
Өкпе бауырьм сөгілттің Мамай.
Қараүлек шешең қайғымен,
Ағар бұлақ құрттың Мамай.
Өзің тірі жүргенде,
Дәуіріңді үздірдің, Мамай.
Тоқсандағы шешеңді,
Қайратыңмен мәз қылдың, Мамай,
Қайғың менен күнінде,
Бұрымын желге тоздырдың, Мамай.
Сары ала туды құлаттың, Мамай.
Ел-жұртыңды жылаттың, Мамай.
Құдай салды, мен көндім,
Бұл сапарды ұнаттың, Мамай.
Жұртыңды қалмақ қамады, Мамай,
Ақ ордаңды талады, Мамай.
Артыңда қалған жас бала
Қашан сендей болады, Мамай?
Қырық ұл туса бір күнде,
Орның қалай толады Мамай?
Жұртыңды қалмақ торыды, Мамай,
Кім мініп атқа қорыды, Мамай?
Жерді құртқан жез аяқ,
Мінбей, түспей арыды, Мамай.
Көзінің жасы көл болып,
Қараүлек шешең қазды, Мамай.
Ақ үйімнің арыстаны Мамай,
Боз үйімнің бостаны Мамай,
Алысқа кетіп келмедің, Мамай,
Жасым жетіп мендедім, Мамай.
Басыма қара күн салдың, Мамай,
Ертеңді кеш үн салдым, Мамай.
Жасым жетіп меңдедім, Мамай.
Жауатын күндей құрсандың, Мамай,
Жауды көріп зең салдың, Мамай.
Өңім, түсім біле алмай,
Ертеңді кеш тамсаңдым, Мамай.
Артыңда қалды жиғаның, Мамай,
Тарқап кетті мейманың, Мамай,
Өлдің, Мамай, қор болдың,
Тірлікте зор болдың,
Дұшпанға құрған тор болдың,
Қарыүлек шешең зар болды:
Сауытың қалды сандықта,
Алғаның қалды қорлықта.
Аңдысқан дұшпан көп еді,
Елің қалды тарлықта.
Қарыүлек шешең шерменде,
Таудай болған көңілім,
Тұл бойыңды көргенде,
Нағылып тірі отырмын,
Мамайжан, бүгін өлгенде,
Өлдің, Мамай, қор болдың,
Қарадан туып хан болдың.
Ерлігің мен билігің,
Он сан атты ноғайға,
Көрсе күнде таң болдың.
Жаяуларға жол болдың,
Аттыларға тел болдың,
Өлдің, Мамай, күл болдың,
Күл ұшырған жел болдың.
Айтып-айтпай немене,
Топырақпенен тең болдың.
Әубәкірден