СІРГЕЛІ ЕЛШІБЕК БАТЫР

Қалмақ қазақ даласының бір үңгіріне кіріп, бекініп алып, кірер ауызға киік ататын сирақты қара мылтық пен бір мерген қойыпты. Мергеннің мылтығы Ертістің арғы бетіндегі киікке тиеді екен. Бірнеше батыр адамдар оққа ұшқан соң, ешбір батырдың оқтың бетіне баруға жүрегі дауаламапты. Сол мезгілде Сіргелі Елшібек батыр қолдың ішінен сары атпен суырылып шығып, қалмаққа қарай бүлкілдеп жүре беріпті. Жұрттың бәрінің жүрегі дүпілдеп, ойпырым-ай, қазір оққа ұшып, аттан құлайды-ау деп, көз айырмай қарап тұрыпты. Елшібек сол бүлкілімен мергенге таянып келіп, кенеттен атының басын төгіп жіберіп ұмтылғанда, қалмақ білте салып атса, мылтығы от бермей қалыпты. Қайтадан білте салып атамын дегенше, батыр қылышпен екі айырып тастапты.Қайтып келген соң, әуелгі кезде кіл бүлкілмен неге жүрдің деп сұрапты. Сонда батыр: «Қалмақ атымды алғысы келіп, менің жақын келгенімді күтіп тұрды: мен ойладым: жақындағанымша мылтықтың білтесі әбден жанып, күлі көбейіп, атқанда оқ бермей қалады ғой деп», – депті.

Шоқан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *