Хайуандар бірімен бірі сөйлесе алатынын жұрттың көбі біледі, бірақ олардың тілін үйреніп алып сөйлесуге адамға болады деп ешкім ойлай қояр ма екен. Американың Гарнер деген бір профессоры маймылдармен сөйлесіп үйренген. Гарнер қалай хайуандармен сөйлесіп үйренді деңіз, Маймылдармен сейлесу үшін Гарнер «фонографпен» істес болған. Фонограф деген машина не дыбыс болса да, бұлжытпай жазып алады. Мәселен, фонографтың алдына келіп бір кісі сөз сейлесе я өлең айтса, сөз дауысы бұлжымай, әлгі машинаға түсіп қалады. Соңынан бірнеше жыл еткен соң да, фонограф сөйлеген кісінің сөзін, дауысын айнытпай салып береді. Және қанша рет қайтарып сал десең, сонша рет қайтарып салады. Машина сөйлеп тұрғанда, манағы сөйлеген адамның дауысы мен сөзі естіліп тұрғандай болады. Сөйлету үшін машинаның тетігі бар. Гарнер маймылдардың қасына фонограф қойып, бос уақытта үйінде отырып, машинаға маймылдардан естіген сөздерін, дауысын біртіндеп қайтарып айтқызатын болған. Және бөлек-бөлек сөздерін байқауға тырысқан. Профессор бір күні мынадай тәжірибе жасаған: көптен бірге тұрған ерлі-зайыпты екі маймылды екі бөлмеге бөліп қойған. Гарнер әуелі, фонографты ұрғашы маймылдың қасына, сонан соң еркегінің қасына барып, айрылған жұбайының сөзін машинамен сөйлеткен. Еркек маймыл әуелі таңқалып, артынан өзінше жауап қайырған. Сондай тәжірибені бірнеше рет істеген соң, профессор маймыл тілінде үнемі сөйлесетін дыбысы бар екенін, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбысты қосып айтуға болатынын аңғарған. Басқаша айтқанда, бір маймылдың неше сөздерін үйреніп, қиын да болса адамға айтуға келетінін білген. Мұнан соң профес-сор бірқатар сөздерінің мәнісін үйреніп, айта алатын болған. Ең әуелі түсінген сөзі – сүт болған. Сол сөзбен кез-келген сусынды атайды екен. Сонан соң маймылдардың тамақ, қол, күн дегендерді не дейтінін білген. Хайуандар күн деген сөзді көп сөйлейді, күннің райы хайуан тұрмысына өте керекті болса керек.Жеті жыл оқыған соң Гарнер енді маймылмен ауызба-ауыз сөйлесуге бел байлаған. Әуелі, маймылдар таңқалып, артынан қуанған белгілер білгізе бастаған. Профессор бір сөз үйренген, ол сөз қауіп, өлім яғни бір қорқынышты нәрсе дегенге келеді екен. Әбден қолға үйренген бір маймылдың алдына келіп, ең бірінші рет Гарнер әлгі сөзді айтқанда, маймыл қорыққаннан қалтырай бастаған: маймылды әрең жұбатып тыншайтқан, екінші рет айтқанда, әлгі маймыл шошып кетіп, тордың бір алыс бұрышына барып жасырынып қалған. Әлгі сөзді үшінші рет естігенде маймылдың қорыққаны сонша – оқымыстыны қолынан тамақ алып жеуді қойып, үстін де сипатпайтын болған. Бұл өзі бұрын қолда өскен маймыл. Тілін оқып, Гарнер 8-9 басты дыбыстары бар екенін білген, бірақ дыбыстары түрліше екенін, барлық дыбысы 3-ке шейін баратынын білген. Маймылдың әр тұқымының тілі әр басқа, бірақ бір торға қамап қойса, әр тұқымы әр тілде сөйлегенмен де, тез арада бірін-бірі түсініп кетеді.
А.М.Никольский
Тәрміжелеген: Ахмет Байтұрсынұлы