Май айы. Таң алды… Ауыл Нұра бойында. Аспанды түнерген қара бұлт қаптап, қара түнді өте меңіреу қылып тұр. Шаршап келіп жаппалап қонған ауыл ұйқы тұтқынында жатыр. Төңірек тыныш… Күн шығысынан ескен майда қоңыр жел жоталардың, шөптердің бастарын теңселтіп, ызыңдатып түнерген талдар-дың жапырақтарын қалтыратып, ақырын-ақырын сыбырлатып тұр. Жалғыз-ақ, жел мен бұтаның мұңды ызыңынан басқа, тал, жапырақтардың жат тілді сыбырларынан басқа, алдыңғы ауылдан бір түрлі сыңсыған ызың естіледі, үзіліп-үзіліп тыңдап, құлағымды сала, ызыңға қарай жүрдім. Бұл ызыңнан көкіректі қарсы айырған жасырын күйініш, қасірет естіледі. Мұңды, қайғылы зар естіледі. Түнерген, меңіреу қара түнде әрбір жан өзін ұйқыға, тыныштыққа беріп жатқанда, бұл нендей сызылған мұңды ызың? Бұл ызың неге жүректің мұңды тамырына тиеді? Неліктен жүрек ісініп, елжіреп толқиды? Алыстан ызың естіледі. Сорлы ана ма бұл әлде, қарағынан айрылған, қараңғы түнде зарлаған?!Қулық бие бола ма? Құлынынан айырылып, құлынын іздеп еңіреген?!Аң ба екен, әлде оқ тиіп, жанталасып сарнаған?!Таянған сайын сыңсыған ызың анығырақ шығады. Таянған сайын жүрек елжіреп, ысиды.Тез басып, дамығып келсем, өзеннің жағасында бір түп талдың түбінде көзінен ыстық жасын ағызып, егіліп, зар жылап отырған Мүслимажан екен…– Қарындасым, неге жыладың? Мұңды, зарлы, армандықарындасым, неге жыладың? Неге зарлап ыстық жасынды төгесің? Мұңды, сорлы қарындасым, туысқан бауырым! Меңіреу қара түнде дауысыңды естіп келдім. Күйініш, қасіретінді естіп келдім. Сенің ызыңдаған жылауың маған да қайғылы қасірет салды, жүрегімді елжіретті… Көзіме ыстық-ыстық жастар келтірді… Жаным, жаным…Сенің қасіретінді білемін. Жылама! Жалғыз сен емес, сендей шерлі, мұңды көзінің жасын бұлаған қазақтың сорлы қызы көп. Сендей қабағы, бақыты ашылмаған, соры арылмаған қазақтың қызы көп. Олар да жылайды, сенен де көбірек жылайды. Мен білемін, қаусаған шалдың құлдығында, күңдігінде жүріп сарғайған қазақ қызын.Мен білемін, наданның хайуан нәпсісі үшін екі-үш қатын-ның бірі болып, қыспақта жылап жүрген қазақ қызын. Мен білемін: шын махаббатпен сүйген ғашығына қосыла алмай сарғайып, «уһ!» дегенде көкірегі қарсы айрылып жүрген қазақ қызын.Қарындасым, шерлі қарындасым, Мүслимажан! Жылама, тый, көзіңнің жасын! Өтер қайғылы қара түн! Міне, рауандаған таң белгісі, ашылар бақытың. Зұлмат қара түнді қуып, жарқырап таң атар! Дүниеге алтын нұрын шашып, жер-көкті шаттандырып қарсы алдыңнан күн шығар… Міне, ақырындап ескен, беттен сүйген майда жел. Міне, бақыт жаршысы. Міне, жарқыраған ерік таңы… Міне, бақыт таңы, қара алдыңа! Күтіп ал бақытыңды…
Сәкен