Дүниедегі көп мақлұқтың бірі – балық. Балық өзен, көл, қара су сияқты тұщы суларда да, теңіз, мұхит сияқты ащы суларда да болады. Балықтар түрлі тұқымды, түрлі түсті, түрлі тұлғалы болады. Үлкен ірілері де, құрттай ұсақ кішкенелері де, жылан сияқты жіңішкелері де, торсық сияқты томпайғандары да, қолша сияқты жалпайғандары да болады. Біреулерінің басы ат басына ұқсайды, біреулерінің басы балға сияқты, біреулерінің басы бақа басы-нан аумайды. Біреулерінің денесінде еттері сүйекке бітіп, сырты қабыршақпен қапталған. Біреулерінің сырты сүйекпен шегеленген сияқты. Балықтар қандай толып жатқан түрлі болса да бәріне бірдей ортақ белгісі жоқ емес. Балықтардың бәрі де желбезекпен демалады. Желбезекпен демалатын мақлұқтар су ауасымен дем алады. Болмаса, құр ауамен демала алмайды. Балық біткен ба-ласын тірі таппай, уылдырық күйінде шашады. Балық біткеннің бәрінде қол-аяқ орнында қанат сияқты айрықша қаруы болады. Ішінде ауаға толған торсылдағы болады. Балық деген судан шықса көп тұра алмай, тұншығып өледі. Балық өсімтал мақлұқ. Бір балық бірнеше уылдырық шаша-ды. Уылдырығының көбін бала болмай тұрған шағында да, бала болған соң да басқа мақлұқтар жеп қояды, балықтың өсімі де, өлімі де көп. Балықты адам да, аң да, құс та аулап жейді. Әсіресе, адам көп қырады, бірақ балық қанша қырса да таусылмайды. Балық етін адам түрлі күйінде тамақ қылады. Судан шыққан жаңа күйінде асып, қуырып жейді. Тұздап, кептіріп, ыстап, сүр қылып та жейді. Пісіріп, майға бөлеп, қаңылтырмен қаптап, сүр қылып та сақтап жейді. Соңғы түрмен сүр қылған балықтар азбай, көпке сақталады. Балықтың қазақ атын білетін тұқымдары: жайын, шортан, сазан, бекіре, көксерке, ақсерке, алабұға, ақбалық, табан, құртпа, шабақ, шоқыр, майшабақ. Еті өте дәмділері – бекіре, шоқыр, ақсерке, көксерке, сазан, ақбалық. Балықты мал сияқты бағып, өсіріп, пайдаланатын елдер де бар. Қазақ ішінде Ақ теңіз, Арал теңізі, Балқаш айналасындағы елдердің мықты кәсібі – балық. Қазақтың басқа жерлерінде балық кемістіктен балық аулау да кеміс.
Ахмет Байтұрсынұлы