ОРМАН ПАТШАСЫ

 
(Шиллер-Жуковскийден)
 
Қараңғы салқын түнде кім,
Аяңдамай, желеді?
Жанында жас ұлы бар,
Жолаушы жортып келеді.
Әкесіне дірілдеп,
Тығылды бір уақ нәресте.
Құшақтап қысып баласын,
Жылытады қарт әке.
– Неге қорқып, тығылдың,
Айтшы, көзім карасы?
– Көз алдымда жарқ етті,
Жан-ата, орман патшасы,
Сақалы оның қоп-қою,
Қара тәж киген, Қара хан.
– Жоқ жаным, су үстінде
Тұман ғой ол ағарған.
Мойныңды бұр, нәресте!
Не тілесең менде бар:
Сансыз қызық көп нәсте.
Хош иіске толтырар.
Березе, гүлді маңайын:
Бұлақтарым мерует,
Сап алтыннан сарайым —
– Жан-ата, орман патшасы
Сөйлеседі менімен.
Мерует, маржан, қуаныш,
– Жаным, жаңылыс естисің
– Береді алтын кенімен! –
(Береген патша ол неткен?)
– Жел ғой ол жаңа оянып,
Жапырақты тербеткен.
– Келші маған, нәрестем!
Тоғайымның ішінде
Сұлуларым көрерсің,
Көрмеген ондай түсіңде:
Ай жарықта сұлулар
Тоқтаусыз ойнар да, ұшар
Тылсымды ойын, бал шумен,
Сәулем сені ұйықтатар!
– Жан-ата, орман патшасы,
Қарашы, қара қастарын,
Арасынан бұтақтар,
Шұлғиды қыздар бастарын!
– Қорықпа, балам, қараңғы
Түнде жоқ еш қорқыныш:
Ол ақ шашты ағаштар,
Жай ғана тұр ғой, тып-тыныш.
Жараланды жүрегім,
Ғашықпын бала көркіңе:
Енді маған келерсің,
Қоймаспын сірә, еркіңе!
– Жан-ата, орман патшасы
Қуып бізге жетті ғой!…
Келіп қалды мінекей…
Қысылдым, дем бітті ғой!…
Шаппайды, ұшып келеді,
Қайғырады нәресте,
Нәресте жылай береді…
Құйындатып жолаушы,
Жолаушы енді қысылып,
Үйіне ұшып келіпті,
Бірақ оның қолында
Нәресте жолда өліпті.
 
Жұмабайұлы Мағжан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *