Кешпешіл құстар деп көлшік, шалшық суларды сағалап, өмірінің көбін кешпеде өткізетін құстарды айтамыз. Бұл құстардың көбі көлдің, өзеннің жағалауында жүреді, қар суынан болған көлдің шалшығын сүйеді, су кешуге қайым біткен аяқтары ұзын келеді. Су түбіндегі жемін алып жеуге қайым біткен тұмсықтары да ұзын болады. Кешпешіл құстарды аяқтары ұзын болғандықтан «сирақты құстар» деп атайды. Сушыл құстардың аяқтары қысқа болған соң, маймаңдап жүре алмайды. Кешпе құстар сирақты, ұзын аяқтары аршынды келгендіктен жүргіш келеді. Сушыл құстар тіпті жүгіре алмайды. Кешпе құстары жүгіргенде зырғып, жосып кетеді.Кешпе құстарының табына жататын: тырна, көкқұтан, аққұтан, оқпақ, қызғыш, тарғақ, тауқұдірет, жылқышы, балықшы, шіңкілдек, әупілдек, бізтұмсық және басқалары. Кешпе құстарының бәрі де сақ келеді, сондықтан оларды «бақташы құстар» деп те айтады. Көл басына адам я басқа қорқыныш қылар біреу барса, қызғышы, тарғағы, тауқұдіреті жау тигенде «аттан» салғандай, азан-қазан, у-шу болады.Бұлардың көбінің-ақ адам етін, жұмыртқасын жейді. Жүнін пайдаланады. Ең еті тәттісі – балшықшы. Кешпе құстар суы жақын жерге ұялайды. Жұмыртқасы үшеу, төртеуден көп болмай-ды, түсі жусан сияқты көк шұбар болады. Жусанды, тақыршақтау жерге ұялайды. Ап-ашық жерге салса да көзге түсе қоймайды. Ол жермен, жердің шөбімен жұмыртқасының түстес болғандығынан. Бұл құстарды мылтықпен ауламаса, басқа нәрсемен аулағанда түсе қоймайды.Тұзақ құрсаң тұмсығымен алып тастайды. Ірілерін қақпан құрып та ұстайды.Тамақтары: шаян, балық, ит балық, бақа-шаян, құрт сияқты суда жүретін мақлұқтар: шегіртке, жылан сияқты құрда жүретін мақлұқтар. Оқпақтар малдың өлімтігін де жейді.
Ахмет Байтұрсынұлы