САУЫҚ ҚҰСТАР

Әуестік құстарын пайдасы үшін емес, әуестікке ғана ұстайды. Бұл құстардың адам әуес көретіні я сұлулығы, я дауысының әдемілігі яки қызықтығы. Жүні сұлу болғаннан адам әуестікке ұстайтын құстар – тотылар. Дауысы әдемі болғаннан адам ұстай-тын құстар бұлбұл, сандуғаш. Әуестік құстарын да адам ұстауы көп заманнан берлі. Өте ескі замандарда тотыны ұстағандары мағлұм. Тоты екі түрлі: бірі – тауық тоты. Мұның еркегінің құйрық жүні сұлу, түрлі түспен құбылып, түрлі сәуле түсіріп құлпырады. Бұрынғы заманда адамдар мұны әулие құс деп ардақтаған. Батыр-лар жүнін басына таққан, қыздар көріктік үшін омырауларына қадаған, еті дәмді болмаса да, ұлы тойларда бас табаққа тартылған. Бұл күнде бұл тотыны қора көркіне қойған серке сияқты, құс баққандар құс қорасының сәндігіне ұстайды. Тотының екінші түрі – сауық тоты деп аталады. Бұл тотының да жүні әдемі, бірақ аты тоты болғанымен, тұқымы анау тоты-дан басқа. Тұрпатында да, тұлғасында да, ісінде де көп басқа-лық бар. Тұмсығының асты-үсті ерін сияқты қимылдайды. Адамша сөйлеуге тілі келеді. Жерде көп жүре алмайды, өмірінің көбін ағаш басында өткізеді. Сауық тотының балапаны тауық сияқты тез аяқтанады. Сауық тотының балапаны жүнсіз шығып, көпке дейін бағым-қағым керек қылады. Сондықтан бұл екі түрлі тотының аты болмаса, араларындағы жақындық – қой мен ит арасындағыдай.Сауық тотының дауысы ащы, бірде қарқылдап күлген сияқ-ты, бірде ысқырған сияқты, бірде бұрқылдап ашуланған сияқты шығады. Сайрайтын да тотылар бар. Мұның басқалардан артық бір жері түрлі дауысты еліктегіші. Адам дауысына еліктеп сөйлейді, сықылықтап адамша күледі. Көбінесе, осынысын қызық көріп адам асырайды. Даусын әуес көріп көбінесе адам ұстайтын құс – бұлбұл, түріне қарағанда кішкене сұрша торғайдан артық емес. Сайрап салған әнінің әдемілігі, толықтығы, келістілігі адам айтарлық емес. Бұлбұл да екі түрлі: бірі – күншығыстық, бірі – күнбатыстық. Алдыңғысының дауысы ашық, күшті, сыңғыры көп, мерекесі молырақ, бірақ қайрымы қысқарақ, буын буынына тынуы азырақ болады. Күнбатыстық бұлбұл жайлап, сыбырмен сайрайды, буын буынына көбірек тоқтайды, дауысы майда, нәзік, мұңды келеді. Бұлбұл сайрауы жердің шырайына, күннің райына, алдындағы үлгіге қарайды. Жақсы сайрайтын бір бұлбұл келсе, бәрі сонан үлгі алып, жақсы сайрайды. Бұлбұлды аулаушылар тұзақпен аулайды.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *