Құсты адам баласы қолға алып асырай бастағаны қай заманнан берлі екені мағлұм емес. Тек, мұнан мың жыл бұрын тауық асыраушылар болғаны ғана белгілі. Басында тауықты асырап, баққан жұрттар үнді, қытай, жапон. Басқалар солардан көріп, құс асыра-удан пайда бар екенін білсе де, ол пайдасын азсынып, құс ұстауға жұрт көпке дейін көңілді болмаған. Сондықтан мың жылдан бері құс бағу кәсібі ұлғаймаған. Бұл кәсіпті пайдалы зор кәсіптің біріне санап, Еуропа жұрты қолға ала бастағанына 50-60 ғана жыл болды. Бұрын шаруалар ғана отбасының керегіне деп азын-аулақ ұстайтын, сатып пайда қылайын деп, сауда мақсатымен ұстамайтын. Бұл күнде құсты да мал сияқты көп асырап, көп жиып, көп сомалармен сауда жүргізіп, зор кәсіптің бірі болды. Құс кәсібі – құр асыраған құстың санын көбейтумен пайдалы болмайды, тұқымын жақсылап ұстаумен болады. Малдың түрлі тұқымын түрлі мақсатпен ұстайды. Құс та солай: етіне, жұмыртқасына, жүніне бола ұстайды. Қай жағынан болса да, артықша пайдалы құс – тауық. Тауықтың еті жақсы, жұмыртқа салуы көп, жүні де жаман емес, бағуы жеңіл, өзі өсімтал. Онан соң асырауға пайдалы құстар: күрке тауық, қаз, үйрек. Қырғауылды да асырайтындар бар, бірақ жұртқа жайылмаған, кей жерде ғана істелетін кәсіп.Осы айтылған құстардың ішінде асырау талғамайтыны тауық. Күрке тауық кеңшілік сүйетін құс, оған кең жайылым керек, қамашау орында өспейді. Қаз қолдан гөрі дала жайылымымен күн көретін, суды сүйетін құс. Оны асырауға тоғайы, суы бар жер керек. Үйрекке де солай, суы бар жер керек. Үйрек мешкей құс, қолда көп ұстап отыруға болмайды, жемі басынан асып кетеді. Сондықтан оны тезірек сатып, тұқымдығын қалдырып отырмаса болмайды.Құс асырағандар пайдасы көп болу үшін, әуелі жақсы тұқымын ғана асырайды. Екінші, тауықтан басқа жер талғайтын құстарды жеріне қарай асырайды.Асыранды құстар мен ағайындас құстар – аққу, торы ала қаз, сары ала қаз, қасқалдақ, қарабас шүрегей. Қаз бен үйрек ағайынды, аққу, ақ құр, қара құр, шіл, безгелдек, бөдене тауық пен күркетауық ағайындары.
Ахмет Байтұрсынұлы