ИТ

Иттің тұқымдары түрлі-түрлі. Мысықтай кішкене тұқымнан бастап, өгізшедей үлкен тұқымы мен екі арасында толып жатқан түрлі тұқымдары бар. Түрлі тұқымын адам түрлі орынға ұстайды. Біреулерін қора күзетуге, біреулерін аңға қосуға, біреулерін аң із-детуге, біреулерін суға құлағандарды құтқарып алуға, біреулерін көлік орнына жегуге, біреулерін ұры таптыруға ұстайды.Иттің түрлі тұқымы – жалғыз үлкен кішілігімен емес, тұлғасымен, түгімен де айырылады. Бірі – жантық, бірі – ашаң, бірі – жүндес, бірі – тазғыр. Бұлардың түп атасы біреу ме, болмаса бірнешеу ме, ол шешілмеген. Бірақ мұнан 4-мың жыл бұрын да иттің түрлі тұқымы бар екені анық.Ит атаулының қай түрі де болса, адамға үйір, достығы нағыз. Иттің бір-біріне достығы аз болғанмен адамға достығы көп. Ит адамға пайдалы мақлұқтың бірі. Пайдалы болғандықтан тіп-ті, атам заманнан бері адам пайдаланып келеді. Иттің таралмаған жері жоқ. Адам бар жердің бәрінде ит бар. Иттің түрлі тұқымы түрлі қызметке үйретілген және қызмет үшін ұсталады. Біздің қазақ иттің екі түрлісін ғана ұстайды. Қора күзеттіруге төбет тұқымын, аңға қосуға тазы тұқымын. Бұл екеуінің қатысқанынан шығатын дөрекі тұқымы бар. Ол төбетке жақын болса, қора күзетеді, тазыға жақын болса, аңға қосылады. Басқа тұқымдардан қазақтың білетіні барақ ит.Иттің терісін қазақ тұтынбайды. Басқа жұрттар ит терісінен жарғақ, былғары, ішік, бөстек істейді. Ит тегі ет қоректі мақлұқ. Қолға үйреткен соң ет те, шөп те жеуге айналған.Итпен тұқымдас тағы күйде қалған қорқау қасқыр, шақал, түлкі, қарсақ және басқалары ет қоректі. Бұл аңдардың адамдар терісін пайдаланады. Жаз түлеген кезде терілерінің жүні қысқа, жақсы болмайды. Аңшылар жүні ұзайған қыс күнінде аулайды. Әсіресе, терісі қымбаты – түлкі. Түлкі түгі сұлу және жылы бола-ды, қара түлкінің терісі тіпті қымбат. Қасқыр, түлкі, қарсақты қазақ қалай аулайды?

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *