СИЫР

Сиыр да жер жүзіне жайылған хайуандардың бірі. Сиырды адам қай уақытта қолға үйреткені белгісіз, мұнан 6 мың жыл бұрын Қытайда Құңси деген патша болған. Сол патшаның заманында Қытай жұртының малданғаны сиыр екені белгілі. Бұрынғы Мысыр жұртының да байлығы сиыр болғаны мағлұм. Грек, рум сияқты көне халықтарда сиыр малданғаны туралы мағлұматтар көп. Қалайда, сиырды малдану ерте заманнан басталса керек.Сиырдың адамға пайдасы көп. Еркегі көлік, ұрғашысы сауын. Өгіздің күші көп, бірақ жүрісі шабан. Сондықтан жүк тасуға, жер жыртуа салынады. Сиырдың сүтінен қатық істеледі, ірімшік, құрт, сүзбе жасалады, май алынады, сүттей де ішіледі. Еті дәмді, бойға сіңімді болады. Терісі жылқы терісінен қалың, бұлдырақ болады. Өгіз терісінен былғары, ұлтан және қалың қайыстар істеледі. Сүйегімен жер тыйландырады. Мүйізінен тарақ, түйме сияқты нәрселер жасалады. Тұяғынан желім қайнатылады. Сүйегі қант зауыттарында ұсталады. Тезегі отқа жағылады. Сиырдың да толып жатқан тұқымдары бар. Олардың біреулері сүтке жақсы, біреулері етке жақсы, біреулері жұмысқа мықты болса, соғұрлым жақсы болмақ. Бірақ үш жағы бірдей толық болып, бір тұқымнан табыла қоймайды және бір тұқымды қай жерде де болса, ұстауға болмайды. Сондықтан жер жағдайына қарай түрлі тұқымдары ұсталады, бірақ қай жерде де болса, қолдан келгенінше жақсы тұқымын ұстауға тырысады. Біздің қазақы сиырдың тұқымы етке, жұмысқа тәуір, бірақ сүтке жоқ. Қалмақы сиыр тұқымы да сондай. Сүтке жақсы тұқымдар: мөшке, қалмагер, великорос сиырлары. Жұмысқа жақсы Гетманский де-ген көк сиырлардың тұқымы. Етке жақсы шотгурын, деуін, шер-каский деген сиырлардың тұқымы.Сиыр хайуандар арасында күйсейтін айыр тұяқ табына жатады. Сиырға жақын аталас хайуандар Үндістандағы зебу деген өркешті өгіз және зубр, буйбұл деген адамға үйір болмаған тағы өгіздер.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *