ЖАЗҒЫ КЕШ

 
Бұлт шықты оңтүстіктен мұнарланып,
Нұры мен батар күннің шұбарланып:
Созады жандық біткен көкке мойын,
Тұрғандай сусап, өліп құмарланып.
Ескен жел күншығыстан болып майда,
Ие ғып бар жандықты жақсы жайға.
Жыбырлап көлдің беті шағаламен,
Дауысы бар аққу, қаздың әлдеқайда.
Секілді бейне ұшпақ қарағанға,
Қаларлық абайлаған ғажап таңға.
Ыстықта бой тасалап жерде жүрген,
Шырылдап әнші құстар жүр аспанда.
Қой маңырап, сиыр мөңіреп, маң-маң басып,
Келеді еркін жүріп, көңілі тасып.
Саууға келіншектер қарсы шықты,
Қолына шелек алып, белдемше асып.
Жиналып қарттар құрды кешке кеңес,
Шығып ап, ел сыртында жерге дөңес.
Ақсүйек балалар да ойнап жатыр,
Тұратын текке қарап олар емес.
Жазғы кеш ойлап тұрсаң жанға рахат,
Әркімде көтеріңкі көңілі шат.
Ән салды қосылысып қыздар-дағы,
«Биікке алтыбақан» құрысып ап.
Ыңырсып жердің жүзі шыққан үнмен,
Тынық кеш қосылысты қысқа түнмен.
Адамзат, жан-жануар қуансын деп,
Зор сыйлық сезіледі текке берген.
 
Бейімбет Майлин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *