ЖАЗҒЫ ДАЛА

Тамылжыған жас иісті,
Жазғы жасыл көк дала.
Жайылған жібек кілемдей,
Қызылды, жасыл көк дала.
Құшағын жайған кең дала,
Төсін ашқан анадай.
Қаладан келген сағынып,
Бейне мен бір жас баладай.
Далаға келіп көк жасыл,
Кестелі жібек көрпедей.
Жас балаша шаттанып,
Құлай кеттім еркелей.
Жас баладай ойнаған,
Жібек шашы жалбырап.
Солқылдақ өрім көк шыбық,
Денесі уыз албырап.
Гүл, шашақтар жапырлап,
Қытықтайды мойынымды.
Қымыз иісті жел жібек,
Таласып ашты қойынымды.
Қымыз иісті жел жібек,
Шөпті ақырын сипады.
Біресе ойнап желеңдеп,
Шөптің басын ұйпады.
Көк ала кілем, жасыл шөп,
Тамылжып иісін аңқытты.
Кеудеге толып жас иіс,
Тән мен жанды балқытты.
Бал іздеген аралар,
Қобызбен күйін күйледі.
Жұптаса түрлі көбелек,
Қызғалдақпен биледі.
Қызылды, жасыл, көк ала,
Ұшқан сорлы көбелек.
Гүлдерге ғашық диуана,
Мәжнүн байғұс ебелек.
Қызғалдақ пен сарғалдақ,
Араласып үйісті.
Желекті жас келіндей,
Ұялып басын иісті.
Сыбырласып, күлімдеп,
Бастары таяу тиісті.
Сөліне ғашық көбелек,
Олармен келіп сүйісті.
Жібек кілем кестелі
Көрпе үстінде жаттым мен.
Қаладан алыс елді ойлап,
Қалың ойға баттым мен.
Тасыған сеңдей жойқылып,
Қозғалды жүйіткіп қалың ой.
Мінекей, келді алдыма,
Өрісте жусап қалың қой.
Тамылжыды ыстық күн,
Жапанда жым-жырт күйдіріп.
Қойшы жүр жалғыз қимылдап,
Әр қойды сауып, идіріп.
Жусаған қой иіріліп,
Ыстықтайды, солықтап.
Тақырда жанад кішкене от,
Сүт пісірмек қорықтап.
Етектеп терген қу тезек,
Отқа жаққан отыны.
Мамырлап ұшад аспанға,
Отынан шыққан түтіні.
Кезерген ерні жарылып,
Қызыл шақа көн жара.
Көйлексіз тәні жаңалаш,
Күнге піскен қап-қара.
Жалақ ерні қанаған,
Қол-аяқ тағы жарылып.
Денесі піскен теріде,
Шандыр боп кеуіп, қарылып.
Бұтында шалбар теріден,
Өзге дене жаңалаш.
Шоқпыт киім шешулі,
Жалаң аяқ, жалаң бас.
Айдалада кішкене от,
Жалғыз қойшы… тас құрық.
Ұшып тұрдым жата алмай,
Көзіме келіп жас толып.
Ұмыт қалған қу бауыр,
Меңіреу жапан далада.
Көрер ме екем сені де,
Жарық думан қалада?
«Кетпе», деп тағы көк шалғын,
Аяғыма оралды.
Жібермей бөгеп алдымды,
Майысып гүлдер бұралды.
Сұлу жібек гүл шашақ,
Етегімнен ұстама!
Бірге өскен сәулем, қымбатты,
Енді мені қыстама!
 
Сәкен Сейфуллин

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *