Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп, жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса, бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертіңді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар,
Өзеннен рахат тауып басылады,
Қынарда тілсіз тұрған тоғайлары
Шуылдап желмен бірге бас ұрады.
Он мың мал айдап өтсең лай калмайды,
Тасына су бармаған сай қалмайды.
Тасыған өзен, судың қуатымен
Көк шығып, шөп бітпеген жай қалмайды.
Ел қыстап күн көреді жаныбында,
Дәм болар алуан-алуан балығында…
Боқ таста, алтын таста сынамаққа,
Сонда да аққан өзен қалыбында!
Қынарда – жағасында.
Құдіретін міне, қызық көресің бе?
Не нәжіс тоқтар өзен денесінде.
Арыстан демалуга суға кірсе,
Балықтар шымшып ойнар терісінде.
Алтынсарин Ыбырай