Сөз өнерінің ғылымы

Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз. Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалған сөз шумағы да тіл я лұғат деп аталады. Шығарма тілі екі түрлі болады: 1) Ақын тілі. 2) Әншейін тіл. Ақын тілі – айрықша өң беріліп айтылған сөз; әншейін тіл – ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айрықша өң берілгендіктен лебіз көрнекі болып шығады. Әншейін тілмен сөйлегенде сөзге өзгеше өң берілмегендіктен лебіз сида, жалаңаш болып шығады. Сондықтан алдыңғысы көрнекі лебіз деліп, соңғысы жалаң не көсе лебіз делініп айтылады. Сөз өнері деп, асылында, нені айтамыз? Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз. Сөзді бұлай етіп шығаруға көп өнер керектігі жоғарыда ай-тылды. Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады. Сонан сөз өнерінің ғылымы туады. Шығарманың екі жағы бар: 1) ішкі пікір жағы, 2) тысқы тіл жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1) шығар-маның түрінің ғылымы, 2) шығарманың тілінің ғылымы. Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, ал түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді. Әр саласы айырылып, бөлек-бөлек сөз болмақшы.

Ахмет Байтұрсынұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *