Рахилаға
Қасиетті аққу құстай жаны ізгім,
Түптен таза тұнық тұма тәріздім.
Жыл он екі ай күтіп жүрер бір күнім –
Туған күнің, он екісі тамыздың.
Етжақыным болып кеткен ежелден,
Бал тамызар ерініме кезерген,
Маған деген бір махаббат дүниеге
Осы күні бүр жарғанын сезем мен.
Созылғанда сағым бақыт, сағыз күн,
Көлдей нұрды көкіректен ағыздың.
Тұнығыма оралатын сағынып,
Туған күнің, он екісі тамыздың.
Шылауында үміт пенен күмәннің,
Шығандағы шыңдарыма құмармын.
Тамыздың сол шарапаты болмаса,
Найзағайша шарт етіп мен сынармын.
Тоғысында шұбырынды сан іздің
Тамшы мұңды кірпігіңнен тамыздың.
Тәңірінің мейірімі бір мендік –
Туған күнің, он екісі тамыздың.
Тағдыр бізді бір талайға теліді,
Талайымыз — тарамыстың өрімі.
Айналайын ақ таңынан тамыздың
Шыр-шыр еткен өмірімнің серігі.
Сен дегенде селебесіз жан үздім,
Анамнан соң, бәлкім, саған қарызбын.
Жапырақтай жылда көктеп шығатын –
Туған күнің, он екісі тамыздың…
Қорғанбек Аманжолов