ҚЫС. АУЫЛ КЕШІ.

 
Төгілген асау күйдей
домбырадан,
Ұйытқып тұр алай-дүлей
қарлы боран…
Аяулысын күткен
бір арудай боп,
Ауыл кеші жабырқау,
қалғымаған.
Ақ қар емес, жауғандай
жұлдыз көктен,
Ұшқалақ ақ ұлпалар
жүз құзды өпкен.
Сайтан да ізін сала алмас
жадау қырдан,
Телмірем қырға сіңген
күнді іздеп мен.
…Ой – жүзге,
бөлінулі сана – мыңға,
Ақ дүние
оянғандай жанарымда…
Бір мұң бар
шер боп қатқан жүрегімде,
Бір мұң бар
кәрі қыстың қабағында.
Түн сезер жүрегімде
не мұң барын,
Тарқатар жандүниемнің
сорын қалың.
…Мезі боп қыстан,
қардан, борасыннан,
Бір сәтке
көктемені сағынғаным.
Төгілген асау күйдей
домбырадан,
Басылмас бұл
түні де қарлы боран…
Аяулысын жоғалтқан
жесірдей боп,
Іргеде солқ-солқ етіп
жел жылаған.
…Жүректе белгісіздеу
аңсар бардай,
Елегізер,
көңілім томсарғанда Ай.
Көз жұмып, құлақ түрсем
тылсым түнге,
Сыңсытып Қар қызы
әсем ән салғандай…
 
Саян Есжан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *