Ілияс Жансүгіров өлеңдері

Ұршық

Сыртылдама он саусақ,
Майдалап, мапа түтілші.
Шыртылдама шынашақ,
Шыр айналшы, шүйке ілші.
Оймышты ұшқат, ырғай caп
Ұршығым,сені қолға алам.
Ұршығымұшқыр, нар тайлақ,
Жез бұйдалы-желмаям.
Желмаям, желші нар тайлақ,
Тартына берме тайтаңдап.
Тартына берсең тайтаңдап,
Тақымдап қоям қайта айдап.
Қыла ма жалқау жарлылық,
Қылмаса ділгер жүн азы.
Екілен, зырла енді ұршық,
Иірейін биязы.


Көлге
Көмкеруің көк көгал,
Күлмеңдеген күміс көл,
Көнерең кесте -құрақ, тал.
Кестеңді өртер күзгі жел.
Оранып ұлпа ойдымды,
Ойпанда жатып етгің наз,
Төсінде құстар той қылды,
Той бастады қу мен қаз.
Сүңгуір, сұқсыр сүмеңдеп,
Қасқалдағың қалтылдап,
Шүрегейің шүмеңдеп,
Шағалаң шулап шаңқылдап.
Шомылған сұлу суыңа,
Шапылдатып алақан.
Мықшиған мерген қуыңа,
Балалар қуып балапан.
Көк құндақты күміс көл,
Күбірлеме, жыр айтам.
Сал құлақты, көңіл бөл,
Болды сендей бір қалқам.
Ол да сендей сұлу ед,
Жасы да оның жас еді.
Жаз өмірімде туып ед,
Жазы да оның аз еді.
Бейне біткен қайыңдай,
Білегі мінсіз балғынның.
Ақша төсі айдындай,
Шашы сенің, шалғының.
Қасы сенің қабағың,
Лебі сенің лебіңдей.
Саусағы сенің шабағың,
Шынтағы шыбық өрімдей.
Оның да өмірі жартымсыз,
Болды, лажсыз күз жетгі.
Өмір күзі сұрқынсыз,
Екі он бестен жасы өтті.
Сен де сондай боларсың,
Жаздың жақын өтері.
Сен де сондай боларсың,
Бір боларсың екеуің.
Күлмеңдемес көзің көл,
Өлезір де тұнжырар.
Күй күйлетер күзгі жел,
Бақа-шаян шыңғырар.
Толқын бетіңді ажымдап,
Қартаярсың қалтырап.
Долы дауыл азынап,
Жалп-жалп ұшар жапырақ.
Қиқу салған құстарың,
Қош айтысар күн болар.
Құшағыңа құштардың
Қалмас бірі, жым болар.
Қарашалап қар жауса,
Қалармысың қартаймай?
Қамыс, қоғаң сарғайса,
Қартаярсың қалқамдай…


Желді қарағай
Жайлауым желді қарағай,
Жайлауында елі жарасқан.
Жанымда жайлау жағалай,
Жанса, қалай жақ ашпан.
Қарағайың сыңысып,
Қалың малың қаптаған.
Қара бұлт бураң бұлықсып,
Қара інген тауды қапсаған.
Туырлықтай тұманда
Тұмшаланды тұғыл сай,
Тобылғы торы құнандай,
Томсарды қасы қапсағай.
Шоқшиған шұбар шоқының
Шоғырланса ұшпа ұшынан.
Шолақгың лоңқа шоқтығын
Шолады көкте күшіген.
Ол күнде біз бала едік,
Оздыра құнан шауып ек.
Орғыта ойнақ caп едік,
Ойнай қозы бағып ек.
Жалбағай тұмақ, жауқияқ
Жауырынымызға жабысқан,
Жая шыққан қозы-лақ
Жамырауға жарысқан.


Жайлау
Көк кілем қатипадай жасыл жайлау,
Қаз-қатар ауыл арты желі байлау.
Жайлаудың жаз мезгілін елестетіп,
Мақтаншақ мінезім бар жұртқа айқайлау.
Айы алтын, көк жайлаудың күні күміс.
Ақ тасы бұлағыныңмаржан, күріш.
Етегін шалғын шалып, жел шайқаса,
Бейне той секілденер жасқа жүріс.
Құлын, тайкісінесіп шіңгір-шіңгір,
Тас бұлақ жайлау мақгар қағып сылдыр.
Тырайып көк жотада қой шетінде,
Мастанған қатық ішіп қойшы құрғыр.
Қарағай қалың отыр қарсы бетте,
Қарашы Қалиман мен Бейсембекке:
Теңселіп, тебісіп тұр алтыбақан
Байлап ап отын жібін әлпеншекке.
Айналған аспанында алғыр бүркіт,
Қатындар күрпілдетіп піскен іркіт.
Әуені анда-санда бұлты торлап,
Жайлауды шомылдырар жұпар бүркіп.
Сапырып бәйбіше отыр сары қымыз,
Бай отыр жалшы жұмсап,сөзі нығыз.
Өзекте мұрын жарып, мастандырар,
Қой үзген таңқурайдан аққан уыз.
Үңілген қыз, келіншек бүлдіргенге,
Қуқыл мәз тебеде елді күлдіргенге.
Жапар таз қой, қозыны жамыратгы,
Әуей боп бүлдіргенде бір жүргенде.
Үй басы құрт қайнатқан, өре жайып,
Күнделеп бие сауған келін, зайып.
Дауылда жел қапсырған арқаны жоқ,
Кедейдің қауешегі тұр қисайып.
Іңірде жылқы жиған жылқышылар,
Сызылтып көңіл тербеп әнге шырқар.
Ән толғап бойжеткенді қыбылжытса,
Күрсініп көзден кекіл кейін сипар.
Қысырақ үйірленген бөрте бурыл,
Саяқсып шет жайылып емес жуыр.
Қайнатқан қазан түспей, таң білінсе,
Азанды сықақ қылар таста суыр.
Алады түнгі ұйқыны күндіз сәске,
Сәскеде сары қымыз түсер бәске:
Манаурап гүл толқытқан самал жұтып,
Ақ сұлу ірге жақта тігіп кесте..


Домбыра
Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтгі күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра!
Тыңдамаған қоймасын,
Ойды-қырды қыдыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Екі желі, үш қазық,
Тоғыз ноқта домбыра,
Ойнатайын он саусақ,
Құлындайын құлдыра.
Бозда-бозда бота күй,
Қашағанды қудыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің күйшісі-ау,
Құлағымды қиқулат,
Көңілімді қандыра,
Тәтгі-тәтті күйге тарт
Көргеніңді күй қыла,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің жыршысы-ау,
Жанымды бір жадырат,
Көкейіме қондыра,
Тәтті-тәтті әңгіме айт
Жаңа өмірді жыр қыла,
Шежіре, шешен сұңғыла,
Құлшына тарт, домбыра!
Ел шетінде, жау бетінде
Бұлт қалың, ай қараңғы,
Куілдеп соғып тұр дауыл…
Төңірек, маңай, ғаламды
Жамылшы жапты бір ауыр…
Қалың тоғай, қара орман,
Су салдыры недәуір,
Жаңа жұрт, жапан, жар қонған
Жадағай қора, жарлы ауыл…
Қорада қойлар қорқулы,
Мөңіреп сиыр, көк теке
Бақылдайды, у-шулы…
Алдымда от алакөлеңке.
Төңіректеген төбетім,
Тығылып үйде ықтайды.
Күзетер деген күзетшім
Бүркеніп быр-быр ұйықтайды.

 

Құрметті оқырман, Ілияс Жансүгіровтың басқа да шыығармаларын сайтымыздың іздеу жүйесіне жазып, тауып алуыңызға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *