Былапыт,
Ылат,
Былжыр күз.
Тұнжыр қабақ ,
Қылжыр көз.
Қыр қызықсыз,
Тау түрсіз.
Су сұрықсыз,
Сүйкімсіз.
Жылауық көз
Сылбыр күз.
Көріксіз,
Әрсіз,
Ажарсыз.
Сілбірең
Тұман,
Көңілсіз,
Жауын
Айсыз,
Жұлдызсыз.
Түн,
Түнек
Түтін…
Үй жалғыз.
Отын дым,
От бықсиды.
Үрлейді қатын,
Сықсиды.
Қайнамай қазан,
Түксиді,
Мұкаш
Бүкшиді.
Ірге күңгірт
Көлеңке.
Бұрылды солай
Шүй желке.
Көрдей күңгірт
Үңгірде
Жатыр төсек,
Кір көрпе.
Кеш е ғана үйге енген
Кеткен тоқал сүйгенмен.
Жүрегі сыздап,
Бой мұздап,
Үһ!-деді
Іші күйгеннен.
Ілияс Жансүгіров