Бұлбұлға

Сайрадың құйқылжытып, кұбылжытып,
Тамсандым, таңдайымның суын жұтып,
Толқытып, толықсытып, емірентіп,
Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық.
Ерікті алып, ес шығарып, екілентіп,
Көңілді көлбектетіп, ойды ұмтылтып;
Қанды қозғап, тамырды солқылдатып,
Көңіл мұңын, жүректің лебін тінтіп.
Малда дыбыс, көлде шу, желде ызыл жоқ,
Маңайды манаурадым мүлде ұмытып;
Судың сылдыр, тоғайдың дыбыры жоқ,
Басқаны, қойдың, әншім, тақа құртып.
Шырқатып, шыңғыртасың, шымырлатып,
Төмендеп түсіресің сыбырлатып;
«Мұңдым-ау!
Мынау сенің мұңың ғой» деп,
Жіберіп жер астына ызылдатып,
Маған да әкелесің қыңырлатып.
Қайтадан көтересің қимылдатып:
Жүрегім, қаным, миым, көмейімде,
Қосылтып, қос құлақты шыңылдатып.
Сен сондай, ә, мен қандай сол мезгілде?
Елжіреп ішім, бауырым кеткен мүлде.
Қаныма қосып кетгің бір ауру,
Осылай сайрамасаң күнде-күнде.
 
Ілияс Жансүгіров

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *