Сенсің досым, жібек мінез Жібегім,
Сені ғана сүйем – куә жүрегім.
Суық жолдан сақтайтын сен – періштем,
Сен болмасаң, азып-тозып өлемін.
Түрлі жерде, түрлі шақта таңымыз
Атса дағы, сүйіспеп пе еді жанымыз?
Бізді жан ғой жақын қылған, Жібегім,
Бастаған жоқ ессіз ыстық қанымыз.
Есіңде ме? Бір жыл… күздің күні еді,
Күзді күннің салқыншалау түні еді.
Жарың тастап, түнде мені бақшаға
Көру үшін іздеп келген кім еді?
Ол түннен соң талай-талай жыл озды,
Ессіз жарың Айға қолын көп созды.
Аспанға өрлеп, талай құлап, мерт болдым,
Заман озды, жүрек сөнді. Жан тозды.
Өмір – жапан. Арып, шаршап жүргенім,
Ессіз едім, оңды-солды көрмедім.
Тоғыз жолдың торабында тұрғанда,
Жылы – былтыр, сені тағы көргенім.
Көрдің де сен, аштың таза құшағың,
Құшағыңда жас балаға ұсадым.
Сол кезімде бар күнәдән пәк болып,
Дегенім рас: «Сенсің жарым, қосағым»
Сол күннен соң тағы біраз күн өтті,
Ұмытқандай болдым сені – Жібекті.
Сен сөзіме, жан-жүрегім, Жібегім,
Тоқтата алмай қалып едім жүректі.
Сен жыладың, көзің жасын көрмедім,
Зарладың сен, зарың құлаққа ілмедім.
Мен жел едім, кеттім сонда жел қуып,
Көз жасыңнан садақа боп өлмедім.
Айлар өтті, ай көрінді, өлді жын,
Айлар өтті, айырылды күн мен түн.
Айлар өтті, ішкен удан айныдым,
Айқын болды ақырында жалған, шын.
Білдім: маған жар екенсің сен ғана,
Білдім: саған жар екенмін мен ғана.
Соңғы кезде сені көрмей, Жібегім,
Ашып көрші, жүрегімде мың жара.
Сені көрмей, көзім көрге айналды,
Жүрегіме сансыз қасірет байланды.
Көп күн енді көрінбейсің, қашасың,
Жүрегіңнің махаббатын кім алды?
Ессіз жарың зарлап енді қалар ма?
Зарлай-зарлай қара жерге барар ма?
Бір жыл бойы теңіз болып төгілген
Көз жасынан Жібегім де танар ма?!
Мағжан Жұмабаев