ЖӘМИЛА

 
Жәмила!
Мұнша неге жүдедің?
Бетіңде тамшы қан жоқ қой.
Жаралы ма жүрегің?
Тегінде, терең зар көп қой!
Жәмила!
Себебі не? Жалғанда
Серпіліп, ойнап-күлмейсің.
Түнде жұрт ұйқтап қалғанда,
Тыншып бір ұйқы көрмейсің.
Жәмила!
Кеудеңе от толды ма?
Уһілеп Айға қарайсың.
Өмірің у болды ма?
Жұлдыздар неге санайсың?
Жәмила!
Шапаныңды бүркеніп,
Тысқа ақырын шыққанда,
Күрсініп, ауыр күңіреніп,
Айтқаның зар ма я ән бе?
Жәмила!
Жаныңдағы жауызың
Айырды ма жарыңнан?
Сарғаймашы, бауырым,
Бітесің ғой зарыңнан.
Жәмила!
Түскен мынау жүзіңе
Қасірет пе, яки шашың ба?
Қайғылы қара көзіңде
Мөлдіреген жасың ба?
Жәмила!
Бетіңде анау таңба не?
Аһ… имансыз ол хайуан!
Жалын, жаным, Алла де!
Бұдан басқа не хайлаң?!
Жәмила!
Қасіретті, сорлы қарындас,
Қайғыға қалай шыдайсың?
Жыла, бауырым, төгіп жас,
Мен де бірге жылаймын…
Жәмила!.. Жәмила!.. Жәмила!.
 
Мағжан Жұмабаев
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *