ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖЫРЫ

 
Желе бер, жаным Қаракөк,
Желкілде желмен, айдарым!
Қолымда найза көк болат –
Ерлігіме айғағым.
Ұлт дегенде көпіріп,
Жарайсың, қаным, қайнадың,
Ұлтымнан мен садаға,
Бекіндім, басты байладым.
Көктегі кәрі Күн куә –
Ежелден жаудан таймадым.
Қорқыныш емес нажағай,
Нажағай – өзім, жайнадым.
Білгенін енді істесін,
Өлімменен ойнадым.
Желе бер, жаным Қаракөк,
Желкілде желмен, айдарым.
Қазам жетсе майданда,
Басымда найзам – сайғағым.
Қайратты, қайтпас жан досым –
Ерлігіме айғағым.
Желе бер, жаным Қаракөк,
Желкілде желмен, айдарым!
 
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *