ОҚУДАҒЫ ҚАРЫНДАС

 
Бауырсақ мұрын, бүйрек бет,
Қаймақ қабақ, қара қыз
Камзолының төсіне
Қадап алып «ай», «жұлдыз»,
Жылы былтыр бой жеткен,
Боп қара қыз майысқан.
Биыл баста көн шәпке,
Камзол киген қайыстан.
Күздігүні келіп ед
Тебініп қап түйесін.
Көрдім кеше: үңіліп,
Оқиды «тұрмыс жүйесін».
Оқиды, көзін ашады,
Ойлап түрлі, пікірлейд.
«Есен бе, шырақ?» – деп едім,
«Үш-ш-ш» демейді, «шүкір» дейд.
Сөйлесіп ем, тезірек
Сөзді бұрды ауылға.
Неліктен мұнша ауылшыл?
Апасы қапты-ау ауылда…
 
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *