ЖЫЛҚЫШЫНЫҢ ҮЙІНДЕ

 
(Қысқы түнде шеше мен бала)
– Түн түнерді, ұйықтады ауыл,
Сорлы бейбақ, атаң қайда?..
– Боран мынау, туды дауыл,
Апатайым, атам қайда?..
– Сорлы бейбақ, атаң қайда?
Көр үңгірді боран көмді!..
– Апатай-ау, атам қайда?
Әйнек сынды, білте сөнді…
– Көр үңгірді боран көмді,
Көмді ме екен атаңды әлде?..
– Әйнек сынды, білте сөнді,
Сөнді ме екен атам да әлде?..
– Көмді ме екен атаңды әлде?
Қалқам, қандай күйге түстік?..
– Сөнді ме екен атам да әлде?
Апа-ау, мұнша жасың ыстық!..
– Қалқам, қандай күйге түстік?
Жаным – жара, көңілім қаяу!..
– Төкпеші, апа, жасыңды ыстық!
Байқашы өзің: боран баяу!
– Жаным – жара, көңілім – қаяу,
Аман ба екен бейбақ атаң?
– Жел де бәсең, боран баяу,
Қарашы, әне, ағарды таң!..
– Аман ба екен бейбақ атаң?
Құлыншағым, қорғаным – сен!
– Міне, атты таң! Аман атам!
Қапа болма, қорғаның – мен!.
 
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *