ҚЫРҒЫЗ, ҚАЗАҚҚА

 
(«Қосшы» ұйымының тобы туралы)
Арқар менен құлжадай
Қойындасқан ежелден.
Екі тентек тетелес
Сойылдасқан екі елден.
Түн заманды төңкерген
Топан-заман не күтед?
Қырғыз – таудың тарпаңы,
Қазақ – қырдың құланы.
Екеуіңе топанның
Тартқан мынау ұраны:
Екі тарлан табысып,
Шұрқырасқай деп күтед.
Алатау, Арқа күңіренген
Күні кеше зарыңнан.
Сендерді солай сорлатқан
Албастыдан арылған.
Бүгінгі тұңғыш тойыңа
Той ұласқай деп күтед.
Енді алдым ашық деп,
Ілгері басқай деп күтед.
Елмен қатар елдіктен
Үмітті болғай деп күтед.
Ұйымдарың сол жолда
Ұйытқы болғай деп күтед.
Соққы жеген жетім ел
Балаулы болғай деп күтед.
Сондықтан қызыл жалындай
Жалаулы болғай деп күтед.
 
Мағжан Жұмабаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *